Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:265
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».
Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Содан ары даусын қатты шығарып, мақамын түзеп, сарнай жөнелді. Сармолла болса жаңағы тұста намазда отырған молда емес, барлық жұрт білетін "ясиннен" соқыр қаридың жаңылғанын масқара көрді. Үнсіз ғана езу тартып, өз ішінен "шоқ" дегендей боп:
– Соқыр қариды құдай атты. Маған қас ойлаған үшін "Кәләм шариф" ұрды, – деп сүйсініп қалды.
Сол түнгі намаздан тараған жұрт өздерінің үйлеріне молдалар арасындағы қақтығыс жайын айтып барысты. Бұл кеште намазға келген адамдар көбінше шала оқыған, тек жастары ұлғайған соң біріне бірі еліктеп, намазға ден қойған боп жүрген қаланың алыпсатары, әртүрлі ауқаты бар, осы мешітке жақын жерде үлкенді-кішілі үй-жайлары бар қазақ саудагерлері. Тегінде Слободка халқының көптен-көбі қазақ болғанда, осы махалла немесе қазақша аталатын "басжатақтың" бар халқы қазақ болатын.
Үйді-үйлеріне қырдан келген көп елдің керуендері жататын да осы адамдар. Әрине, басжатақтың көпшілік халқы бұлар емес, олар неше алуан жұмыс, кәсіп ететін кедей, нашар бұқара болады. Ол халық болса мешітке келуге мұршасы жоқ. Ұзақ күнге ауыр бейнеттен, үздіксіз қара жұмыстан титықтап келеді. Іңір қараңғылығымен аралас сүріне жығылатын ит азаптағы жандар. Мешітке барып, күнде бес уақыт намаз оқу былай тұрсын, олар жұмасында бір болатын күндізгі жұма намазына да бармайтын. Бұл көпшілік – бұқара мешіт, хазірет, халфе, молда атаулымен өте алыстан білісетін. Тек жақындарының қазасы кезінде ғана амалсыз кездеседі. Рас, осы оба науқасы шыққалы сол қалың көпшілік молда, хазіреттерді не көршілерінен, не өз үйлерінен дағдыдан тыс, жиі көретін болған.
Обадай апат қазаман аралас сумаңдап жүрген молдаларды ел сүймейді. Ұзын шапанды, сәлделі, сақал сипағыш сопыларға жұрт қаза көрген жүрекпен амалсыз көнсе де, іштей жек көреді.
– "Өлімді жерде молда семіреді" – деп, биыл осы молдалар мен халфе, хазіреттер де жалақтап кеткен екен!
– Құнығып алған-ау! Жас өлімі, жалғыз өлімі, жаны аяулы жақсы өлімі, жасы жеткен кемпір, шал өлімі, бұларға бәрі бір бас. Тек қымбат жаназа болса, түсім көп тиетін жер сезсе ғана бұлар жақсы. Онда шырайланып, сыпайыланып, жібектей есіліп кетеді! – деп қала халқы сырттарынан көп сын айтады. Молда атаулыға халық көпшілігі осы күндерде өзге кезден әсіресе суық қарайды.
Қала кедейінің үйлеріне елден келіп түсетін ағайын, тамыр-таныс, керуен-кешін болса, олар да мешітке намазға бара қоймайды. Сөйтіп, түнде бас мешітте ястау намазының алдында, дінбасылар арасында болған қақтығыс бұл махалланың көп халқына тарамаса керек еді. Бірақ молдалар солай ойласа да, анығында, түндегі намаздан қайтқан қырық-елу кісінің өз үйлеріне ақырындап, құпиялап айтып қайтқан сыбыстары, ойда жоқта аса көп үйлерге жетті. Сансыз көп адамдардың құлағына тиіпті.
Қаланың өз халқы тұрсын, Семей маңындағы сан тарау жолдар мен талай-талай елдерден келген қазақ қалашылары, старшын, болыс, байлары да өздері түскен пәтер үйлерінен түнде болған жайды оқыс лақаптай естіпті. Сонымен, бүгін жұма күні мешітке дәл осы жолғы жұма намазына жиылған жұрт өзгеше көп болды. Ауыр қаза, қайғы-қауіпке түскен халықтың обадай науқастан үріккені сонша, қазіргі күндерде не болса соған сеніп, не болса содан ем, лаж күтіп тұрған шақ. Пәледен сасқан халық өзінің қысылған халіне қайдан да болса дәрмен етер, пәрмен болар үміт талшығын іздейді. Көңіл мен көмекті көксейді. Сондай қараңғыда сипалау жөнімен әр саққа толқиды. Саңылау сезілген әр жаққа түртінеді. Кей топтардың үміті мешітке ауады. Ондағы ишан деп аталатын имамға, қари, халфелерге жалтақтайды. Бір нәрсе біле ме, айта ма десіп те үміт етіседі.