Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Беу, рыцарьлардың тарланы-ай, сойылдың бір ғана соққысының өзі-ақ жалаулы өміріңнің жібін үзіп кете барды-ау! Беу, әулет-тұқымының ар-намысы, күллі Ламанча мен күллі әлемнің мақтанышы мен мерейі, сенің өліміңнен кейін жер-жаһанды азғындар жайлайды-ау, өйткені ендігі жерде оларды зұлымдығы үшін жазалайтын да жан болмайды ғой! Беу, дүниедегі Александрлар атаулының бәрін қоса есептегендегіден де мәрт шүленгірім-ай, өйткені өзіңе қызмет еткен бар-жоғы сегіз айымның ішінде ғана сен маған жан-жағын түгел теңіз шайып, қоршап жатқан ең жақсы аралды сыйға тартып едің-ау! Беу, менмендердің алдында момын, момындардың алдында тәкаппар, — жоға, олай емес, керісінше демек едім! — қауіп-қатерден қаймықпайтын, жоқшылыққа қамықпайтын, ешкімге ғашық болмаған, ізгі ниеттілерге еліктеуші, қара ниеттілердің қас жауы, залымдардың дұшпаны, — бір сөзбен айтқанда, кезбе рыцарь, өйткені, осының өзі-ақ бәрін түсіндіріп береді!

Санчоның зар қағып жылаған дауысы Дон Кихотқа жан бітірді, сөйтіп оның алғаш айтқан сөзі мынадай болды:

— Өзіңізден қол үзіп жырақ кеткен жандар, беу, балдай тәтті Дульсинея, бұдан да жаман тақсірет тартады. Жадыланған арбаға мінуіме жәрдем етші, достым Санчо, иығымның сүйектері уатылып кетуі себепті Росинанттың ерінде отыра алатын шамам жоқ.

— Қуана-қуана көмектесем, мархабатты мырзам, — деді Санчо, — сөйтеміз де өзіңізге тек жақсылықтан басқа ештеңе ойламайтын мына сеньорлармен бірге тура тартып селомызға барамыз, одаң соң өзімізге көбірек пайда түсетіндей және даңқымыз көбірек шығатындай жаңа бір жорыққа қам жасаймыз.

— Мұның өте орынды әңгіме, Санчо, ғаламшарлардың қазіргі зиянды

ықпалының күші азайғанша күте тұрсақ, керемет көрегендік жасаған болар едік, — деді Дон Кихот.

Каноник, священник пен шаштараз бұдан артықтың өздеріне керегі де жоғын мәлім етіп, Санчо Пансаның қарапайымдығына қайран болған күйлері Дон Кихотты өзі осы араға шейін отырып келген арбасына қайта мінгізді; шеруге қатысушылар қайтадан қатар түзеп жолға шықты. Бақташы бәрімен қоштасып қала барды, жасауылдар әрмен қарай жүруден бас тартқан соң, священник олардың тиісті ақысын төледі, каноник священниктен Дон Кихоттың кейінгі тағдыры қалай болғанын: ақылға келгенін немесе есерсоқтығын одан әрі жалғастырғанын хабарлауын сұрады, соны айтып өз жолымен кетті. Қысқасы, әркім әр жаққа бағыт ұстап, жөндерін тапты, тек священник пен шаштараз, Дон Кихот, Панса мен қандай кепті бастан кешсе де, қожайыны секілді қыңқ етпей көтеріп жүрген Росинант қана қалды.

Арбакеш өгіздерді жегіп, Дон Кихотты бір құшақ шөптің үстіне отырғызды да, священник өзіне нұсқаған жолға түсіп, былқ етпес байсалды қалпынан танбаған күйі ақырын аяңмен тартып берді, сөйтіп арада алты күн өткенде олар Дон Кихоттың селосына келіп кірді. Бұл талма түстің кезі еді, күн жексенбі болатын, сондықтан Дон Кихоттың арбасы өткен алаңда халық қаптап жүрген. Жұрттың бәрі кім келе жатқанын білмекке жапатармағай жүгірісті, ал өздерінің жерлестерін көргенде, таңғалмаған жан қалмады, сол екі арада балалардың біреуі оның жиені мен күтуші әйелге бірінің нағашы ағасы, екіншісінің қожайыны боп табылатын Дон Кихотты өгіз арбамен әкеле жатқандарын, өңі қуқыл тартып, әбден жүдеп кеткенін, астында тіптен бір құшақ шөптен басқа төсеніш те жоғын хабарлады. Дауыс сала еңірей жылап, маңдайларын төмпештеп және ант атқан рыцарьлық романдарға жаңадан қарғыс жаудырып жатқан осынау мейірбан әйелдерге аяушылық білдірмей қалу мүмкін емес еді, ал Дон Кихот есіктен бой көрсеткен кезде мұның бәрі жаңа қарқынмен қайталанды.

Дон Кихот қайтып оралды дегенді естіген Санчо Пансаның әйелі де жүгіре басып жетті, күйеуінің оған атқосшы ретінде еріп кеткенін жақсы білетін ол Санчоны көрген бойда ең әуелі есегінің амандығын сұрады. Санчо оған есегі иесінен де гөрі бақуатты екенін айтты.

— Жасаған ием, бұл жақсылығың үшін мың алғыс өзіңе, — деді әйелі. — Ал, енді айта ғой, құрбым, атқосшылығыңда ақшаны қырып таптың ба? Маған жаңа киім алдың ба? Балларға башмақ ше?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий