Дон Кихот І - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот І
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:358
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом
Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Құдай ақы, рас, бұл қамал-сарайдың жадыланғаны жайында мырзам айтқан сөздің бәрі ақиқат шындық, өйткені мұнда бір сағат та болса тыныш өмір сүру мүмкін емес! — деді.
Дон Фернандо жасауыл мен Дон Кихотты ажыратып, екеуінің де жанын жай таптырып, біреуінің жағасына қылғындырардай боп жармасқан, екіншісінің өндіршегін жұлып алардай боп қармасқан саусақтарды жазды; сөйте тұрғанымен, жасауылдар қылмыскерді өз қолына беруді, оны байлап тастауға көмектесуді және бұлардың құзырына басы бүтін өткізуді талап етіп тұрып алды, король мен Қасиетті ағайындық белгілеген тәртіп осыған міндеттейтінін айтып, осынау тонаушыны және қара жолдар мен жайдақ жолдар қарақшысын құрықтауға септік жасап, көмек көрсетуді ағайындық атынан тағы да талап етті. Бұл сөздерге құлақ тосқан Дон Кихот әу баста тек мырс-мырс күліп қана тұрған, одан соң барынша байсалдылықпен сөйлеп кетті:
— Бермен келіңдер, тексіз де көргенсіз кісәпірлер! Сендер, немене, бұғауланғанға бостандық әперетін, қапастағыны босататын, бейбаққа жәрдем жасайтын, азып-тозғанға қол ұшын беретін, сыбағадан қағылғанға сый көрсететін адамды қара жолдың қарақшысы деп тұрсыңдар ма? Беу, ардан безген арамза тобыр! Сендердің зұлымдық пен залымдық орын тепкен ой-саналарың кезбе рыцарьлықтың аты мен заты айтып тұрған ұлылығын көктегі құдіреттің көмегімен ұғынуға да дәрменсіз ғой, сонымен бірге, кезбе рыцарьлардың қай-қайсысына болсын, өзі тұрмақ тіпті көлеңкесіне де құрмет таныту керегін білмейтіндіктерің — надан да күнәкар пенде болғандықтарыңның салдары екенін ұғындыруға да шарасыз ғой! Сендер өздерің Қасиетті ағайындықтың атын жамылып қарақшылық жасап жүрген қара жолдың жасауылысыңдар, — ендеше, бермен келіңдер де айтыңдаршы: мен секілді рыцарьды қамауға алу жөніндегі жарлыққа қол қойып жүрген қай топас? Кезбе рыцарьлардың ешкімнің ереже-тәртібіне бағынбайтынын, олардың заңы — семсер, ереже-тәртібі — ерлік, қағидалар жинағы — көңіл қалауы екенін білмейтін кім ол? Кезбе рыцарьдың рыцарьлар ордені қатарына кіріп, өз өмірін рыцарьлықтың ауыр да мехнатты жолына бағыштаған күні алған жеңілдіктері мен артықшылықтарын бірде-бір дворяндық грамота бере алмайтынынан бейхабар ол кеще кім деймін сендерге? Кезбе рыцарьлардың қайсысы “алькаваланы”, “королева туфлиін”, жал ақысын, кеден, жол және өзен салығын төлейтін еді? Тігінші одан тіккен киімі үшін ақы алатын ба еді? Ол келіп түскен қамал-сарайдың иесі оны тегін қонақ қылмайтын ба еді? Оны өз дастарқанына шақырмайтын король болып па еді? Оған ыстық ықылас білдірмеген және ол не тілесе соны орындауға бейіл танытпаған бикеш бар ма еді? Бұған қоса тағы айтарым, жолына кесе-көлденең тұрмаққа талпынған төрт жүз жасауылға өз қолымен төрт жүз рет таяқпен дүре жегізуге батылы жетпейтін қандай да бір кезбе рыцарь болды ма екен, бар ма екен және болар ма екен?
ХLҮІ тарау
Жасауылдар бастан кешкен оқиға жөнінде және ізгі ниетті рыцарымыз Дон Кихоттың жан шыдатпас ашуы жайында
Дон Кихот осыны айтып жатқан кезде священник жасауылдарға Дон Кихоттың нәгүмандығымен санасулары қажеттігін, оның сөзі мен ісіне қарап бұған өздері де кәміл көз жеткізе алатынын, сондықтан бұл әңгімені доғарғандары жөн екенін, өйткені оны тұтқындап әкеткеннің өзінде де, бәрібір кейін есі ауысқан адам ретінде босатып жіберуге мәжбүр болатындарын мәлім еткен-ді, оған жауап ретінде қолында жарлығы бар жасауыл Дон Кихот жынды ма, жоқ па оны тергеп-мошқаумен айналыспайтынын, оның міндеті жоғары жақтың бұйрығын орындау ғана екенін және осы жолы Дон Кихотты қалай да қамауға алатындарын, одан соң ана жақтағылардың оны босатпақ түгіл қанат байлап ұшырып жіберсе де өз еріктері екенін айтты.
— Солай бола тұрғанымен, бұл жолы оны айдап әкете алмайсыздар және оның өзі де айдауға көне қоймас деп ойлаймын, — деді священник.