Дон Кихот І - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот І
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:358
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом
Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
Аудитор мен священниктің басу айтуымен жұрт сабасына түсіп, татуласқан кезде дон Луистың малайлары дәл қазір жүріп кетелік деп оны қайта мазалай бастады. Ол келіспей, малайларымен керісіп жатқан кезде аудитор дон Фернандодан, Карденьо мен священниктен мынадай жағдайда не істеуге болатыны жөнінде ақыл сұрап, оларға дон Луистан естіген жайларын бастан-аяқ баяндап берді. Ақыр соңында мынадай шешім қабылданды: дон Луистың өзі дәл қазір әке алдына барып аяғына жығылғаннан қылышпен қырық пәрша боп туралғанды артық көріп тұрғандықтан, дон Фернандо малайларға өзінің кім екенін айтып, дон Луисты Андалусияға алып кететінін, онда ағасы, маркиз, дон Луисқа керекті жағдайдың бәрін жасайтынын мәлім ететін болды. Сөйтіп, дон Фернандоның қандай лауазым иесі екенін және дон Луистың нені ойға алғанын білген төрт малай өзара кеңесе келіп, үшеуі кейін қайтып осы әңгімені әкесіне хабарлайтын болып, ал төртіншісі қызмет көрсету үшін дон Луистың қасында қалып, ана үшеуі оны алып кетуге қайта оралғанша немесе әкесінен басқа бір бұйрық келіп түскенше оны тастап ешқайда кетпейтін болып келісті. Аграмант патшаның әмірі және Собрин патшаның кемеңгерлігі арқасында өзара қиян-кескі қырқысқа осылайша тыйым салынды; алайда мәміле атаулының дұшпаны әрі татулықтың қас жауы өзін қара бет боп қаңғырып қалғандай сезініп, бүліншілік жасауға бағытталған жымысқы әрекеттері болмашы ғана жеміс бергенін байқап, тағы бір талпынып көрмекке, жаңа бір шатақ бастап, шаң-шұң шығармаққа ниеттенді.
Мәселе былай болған еді: өздерімен айқасқа түскен адамдардың қарапайым біреулер емесін сезген бойда-ақ жасауылдардың жігері құм болып, майдан алаңын тастап кеткен-ді — жанжалдың қалай тынғанына қарамай бәріне кінәлі өздері боп шығатынын олар бірден аңғара қойған; бірақ, ішіндегі біреуі, анау әлгі дон Фернандо ұрып құлатып, тепкілегені, қылмыскерлерді ұстау жөніндегі жарлықтар арасында Дон Кихотқа тікелей қатысты жарлықтың да барын есіне түсірді: каторгаға кесілген қылмыскерлерді босатқаны үшін Қасиетті ағайындық оны тұтқынға алу жөнінде нұсқау берген; Санчоның айрықша қауіптенген жарлығы да осы болатын. Сөйтіп, осыны еске түсірген жасауыл Дон Кихоттың ерекше белгілері жарлықта көрсетілгенімен сәйкес келетін-келмейтінін тексеріп алуды ұйғарды, сол үшін қойнынан грамотасын шығарып тиісті жерін тапқаннан кейін, сауаты жүйрік жарандар қатарына жатпайтындықтан оны ежіктеп оқуға кірісті, әр сөзін оқыған сайын Дон Кихотқа қарап қойып, жарлықта көрсетілген белгілерді оның бет-пішінімен салыстырып тұрды, сөйтіп ақыры мұның жарлық нұсқаған адамның тап өзі екенінде ешқандай күмән жоқ деп тапты. Соған көзін жеткізген соң жарлықты шиыршықтап орап, сол қолына ауыстырды да, оң қолымен Дон Кихотты жағасынан тынысын тарылтардай ғып қылғындыра ұстай алып, бар даусымен айқайды салып:
— Қасиетті ағайындыққа көмекке келіңіздер! Тектен-тек көмек шақырып тұрмағаныма көздерің жетуі үшін мына қара жолдың қарақшысын тұтқындау жөнінде өзіме берілген жарлықты оқып көріңіздер! — деді.
Священник жарлықты алып, жасауылдың шын айтып тұрғанына, Дон Кихоттың ерекше белгілерінің дәл келетініне көз жеткізді; Дон Кихот болса, мына найсаптың өзін оңдырмай жәбірлеп жатқанына қаны қайнап, жаны қаншалықты қиналып тұрғанына қарамастан жасауылдың өндіршегіне қос қолдап жармаса кетті — жолдастары келіп жасауылды құтқарып алмағанда, Дон Кихот құрбандығын біржола босатып жібергенше ол да тіршілікпен біржола қош айтысып үлгерген болар еді. Бекетші қызмет бабына сәйкес ағайындарына көмек көрсетуге тиіс-ті, сондықтан ол сол бойда-ақ жасауылға көмекке ұмтылды. Күйеуінің майданға қайта кіргенін көрген бекетшінің әйелі ботадай боздап сол баяғы әніне қайта басты, бұл әнді қызы мен Мариторнес қолма-қол іліп әкетіп, көктегі құдірет пен аспандағы барлық кереметтерді көмекке шақыра бастады. Бұл жерде не болып, не қойып жатқанын көріп тұрған Санчо: