Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:185
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.
Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ақмола бекінісінен айырылған түні Қоңырқұлжа Қарқаралы өкірігімен шектес Есілдің Ертіске қарай бұрылар түбегіндегі Зейнеп ауылына беттеген. Кенесарының көтерілісі дами бастағаннан-ақ оған дәт беріп отырған жер-суынан айырылған қалың елдің қаһарынан сескеніп шын көңілмен қосылған Азнабай балаларынан басқа да Едігенің Шоңы, Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы, Сандыбайдың Ердені, Дүзені, Сайдалының Аққошқары секілді Арқаның мыңды айдаған бірнеше шынжыр балақ, шұбар төс байлары Кенесарыға «Біз сендер жағындамыз» деп жалған ниет білдірген. Тіпті сол патша отаршылығына мойын ұсынып, шен алып, шекпен киген сұлтан тұқымдарының кейбіреулері Кенесарыға қосылып кеткендей болды. Уәлиханның екінші баласы әбілмамбет (Мәмке) Кенесарыға еріп, жорықта қаза тапты. Тұрсынханның Сарманы «Қара қазақтан шыққан Көшеннің Тұрлыбегін аға сұлтан қойдың» деп ақ патшаға қарсы көтеріліп, Қасым балаларына келіп қосылған. Абылайдың туған ағасы Жолбарыстың баласы Қошай, Уәлиханның туған інісі Шыңғыстың баласы Сартай секілді Абылай тұқымынан шыққан бірнеше сұлтандар Кенесары жағына бірден ауған... Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар, Ар-
ғынның биі Шегеннің Мұсасы, Қыпшақтың биі Жаңбыршының Балғожасы секілді табанды бай, би, сұлтандар болмаса, «Кенесары малымды айдап алады» деп қорыққандары, уақытша болса да ереуілшілерді жақтағандай көрінген, Арқадан Ақмола аға сұлтаны Қоңырқұлжаға сүйеніш болар тек Қарқаралы аға сұлтаны Жамантай, Аманқарағай аға сұлтаны Уәлиханның Айғанымнан туған баласы Шыңғыс, Баянауыл аға сұлтаны Абылайдың Маманы орнынан алынғаннан кейін, қарадан шығып осы Баянауылға аға сұлтан болған Тұрсынбайдың Боштайы, Көкшетаудың аға сұлтаны Атығайдың Аңғал руынан шыққан мыңды айдаған Қаратоқаның сотқар Зілқарасы мен Құсмұрын тұсындағы Ашамайлы Керейдің баукеспе ұрылар ұстаған, бықыған бай Есеней.
Бұлардың ішінен әсіресе арқа сүйері, жері жақын және Қоңырқұлжаның қайын-жұрты Тәукенің Құсбегі мен Жамантайы. Бұлардың түбі — Арқаға сіңіп кеткен Орақ ханның баласы Бөкей сұлтанның немере-шөберелері. Құсбек пен Жамантай жайылымға, билейтін елге, аға сұлтандыққа таласып өзара күнде қырылысып жатқанмен азуы алты қарыс Қоңырқұлжаны күйеу санап екеуі бірдей жақын тұтады. Жас тоқал Зейнеп Тәукенің ең кенже қызы. Ақмола өкірігіне Қоңырқұлжаның қандай беделі жүрсе, Қарқаралы өкірігіне Тәуке балалары Жамантай мен Құсбектің де сондай беделі бар. Сондықтан да Қоңырқұлжа Зейнеп пен баласы Шыңғыстың арасындағы оқиға жанына қанша батса да төрелердің ескі дәстүріне салып, жас тоқалын төркініне көшіре алмаған. Өз басына қауіп төнген осынау аласапыран кезде Тәуке балаларымен шатысуды қажет деп таппаған. Қасым төре көкжалдарын жеңіп алсам, со да менің тақияма тар келмес деп өзіне-өзі жұбату айтқан. Оның үстіне төре тұқымы бір әке-шешеден туып, бір емшектен сүт ембесе, бірінің қызын, қарындасын бірі алып, күйеуі өлсе оның әкесіне немесе ағасына тиіп шатысады да жатады. Қара қазақтай әйел мәселесінде «ұят», «обал», «ата жолы» деп ар-намысты сылтаулап төрт тағандап жатып алмайды, қашан да болса бос белбеу, көйлек етегі жеңіл, сыпырма, босаң келеді. Сондықтан да қалың қазақ арасына Бұқар жырау айтқан:
Қатын алма төреден,
Қатын алсаң төреден:
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы — ер жанды, —
деп басталатын өлең кең тараған. Төре тұқымынан шыққан сұлу әйелдің «ер жанды», «еркек құмар» салтына еті үйреніп кеткен сұлтандар, егер ел билеу, мансап сақтау тілектеріне шипасы тиер болса, қатын, қыздарының үй арасындағы бозбалашылығына мән бермейтін, көргенін көрмегендей боп, жауырды жаба тоқып жүре беретін.