Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бұдан кейін мінбеге Ұлы Отан соғысынын ардагері ақын Сырбай Мәуленов көтерілді. Ол соғыста өз басынан өткен оқиғаларды айта келіп, соғыс кезінде Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының қаһарманы болған Бауыржан Момышұлы содан отыз жыл өткеннен кейін қазақ романы «Ақиқат пен аңыздың» және қаһарманы болды деп президиумды иегімен нұсқады. Біз мұны мақтаныш етеміз деді. Тағы да қол соғылды.
Залдағы жас солдаттар «Ол кім?», «Ол қайсысы?» деп бір-бірінен сұрап, күбірлесіп қалды. Соны аңғарған Баукең президиумда отырып оң қолын көтерді. Жиналысқа сәл кешігіп кіріп, генералдардың ортасын қақ жарып келіп отырған қолында таяғы бар қарт полковник өздерінің сүйіп оқитын кітабы Александр Бектің «Волоколамск тас жолының» қаһарманы екенін білгенде залдағы жас командирлер мен жас солдаттар ешқандай командасыз орындарынан атып тұрып, шатырлата келіп қол соқты. Президиумдағылар да тегіс орындарынан көтерілді. Бұл сол кеңеске қатысқандардың өмірі есінен қалмайтын ғажайып сәт болды, құрметті оқушым. Оны саған арнаған бұл қысқаша хатымда толық етіп жеткізіп айтуым мүмкін емес. Осы кеңесте атақты Момышұлының өзі мінбеге көтеріліп, советтік патриотизм, халықтар достығы, жастардың әскери қаруды бес саусағындай білуі жайында жалынды сөз сөйледі. Мінбедегі қарт солдат пен залдағы жас солдаттардың жаны жарастық тапқандай, қайта-қайта қол шапалақталды. Маған Бауыржанның аузынан шыққан әр сөз жастардың жүрегінен жарқ-жарқ еткен ұшқын туғызып, зал іші сансыз жарық-жарқылға толып кеткен сияқты боп көрінді. Ол сөзін бітіргенде зал тағы да командасыз орнынан атып тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Қаһарман Совет Армиясының бүгінгі жас ұрпағының сүйсіне соққан алақандары ұшып келе жатқан көп қарлығашты көз алдыма елестетті. Ол маған алысқа самғап бара жатқан Бауыржан деген алып қыранның лыпып тұрған сансыз қанаты сияқты боп көрінді. Бұл Баукеңнің болашақпен ұштасуының замандастары өз көзімен көрген тағы бір тамаша көрінісі, жанды бейнесі болды-ау деп ойладым.
Сол мәжілісте біздің екі генералымыз: ДОСААФ Орталық Комитетінің председателі Байтасов пен республиканың Ішкі істер министрі Есболатов жолдастар «Ақиқат пен аңыз» кітабының жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызын айта келіп, бұл кітаптың тағы да қайтадан шығарылуы қажет екенін ескертті.
Бұл жиналыстан мен төбем көкке жеткендей боп қуанып қайттым, аяулы оқушым, Баукеңнің атағына, алғырлығына, шешендігіне қуандым. Баукең сияқты сирек туатын тұлғаның өз кітабымның қаһарманы болғанына масаттандым. Генералдардың аузынан менің де атым аталып жатса, ол тек қана Баукеңнің арқасы деп білдім.
IV
Ардақты оқушым!
Өстіп жүргенде жетпіс алтыншы жыл толып, декабрьдің отыз бірінші таңы атты. Радио мен сол күнгі газеттерде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің «Әдебиет, өнер және архитектура саласындағы 1976 жылғы Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы» қаулысы жарияланды. Қаулыда әдебиет саласындағы Абай атындағы сыйлық «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы Бауыржан Момышұлына берілгендігі көрсетілді. Әрине, мұны өзің де білесің, оқушым.
Радиодан бұл хабарды естігеннен кейін мен дереу Баукеңнің үйіне телефон соқтым. Бірақ көп уақытқа дейін телефон босамады. Жұрт бірінен соң бірі Баукеңді құттықтап жатты. Бір кезде менің де қолым жетті. Трубканы Бауыржанның өзі алды.
Автор. Бауке, шын жүректен қуана құттықтаймын!
Бауыржан. Ә, авторсың ба? Рақмет, қарағым.
Автор. Қалай ризасыз ба?
Бауыржан. Бұл менің мемлекетімнің сыйлығы ғой және Абай атындағы сыйлық. Дән ризамын, қарағым.
Осыдан бірнеше күннен кейін менің қолыма «Простор» журналының тілдей конверті келіп тиді. Ішін ашып қарасам, Баукеңнің 1977 жылдың январы күні кешке, «Қаламгер» кафесіне Абай атындағы сыйлық алуға байланысты шайға шақырған қағазы жатыр екен.