Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Түскі асқа қойдың төсін қатық қылған күріш көже іштік. Менің тәрелкеме төстің сүріншек деп аталатын басы түскен екен. Бірақ мен оны жақсылап мүжіп, кеміре алмадым. Өйткені Бауыржан ас үстінде әңгіме айтып отырды. Маған қомағайланып ас жегеннен де, құнығып әңгіме тыңдау артық еді.

— Кеше осы жерде, — деп, Бауыржан мен отырған орындықты нұсқады, — Гофман отырды. Ол бұрын біздің 316-атқыштар дивизиясының штаб бастығы болған кісі. Артынан жоғарылап, корпустың штаб бастығына дейін көтерілген. Кейін ол өзін дұрыс ұстамай, совет офицеріне лайықсыз мінез көрсеткені үшін орнынан түскен еді. Сол себепті оның аты біздің кітаптарымызға енбеген. Қазір Ялтада тұрады екен, 6 бөлмелі үйім, бау-бақшам бар деп бөсіп отырды. Сол келіп, Алматы мені алақанына алып қарсы алмады деп өзінен-өзі маған өкпе соқты.

— Бектің кітабында да мен жоқпын, сенің кітабыңда да менің атым жоқ, сендер мені неге жазбайсыңдар осы?

Мен оған жайлап жауап бердім.

— Константин Николаевич, сіздің де ерлігіңізді жазатын бір жазушы туар әлі. Атақты «Война и мирдің» 1812 жылғы отан соғысы біткеннен кейін неше жылдан соң жарыққа шыққанын білесіз бе?

— Білмеймін, білгім де келмейді, — деп бақырды ол. — Барлық документ менің қолымнан өткен. Міне, оның бәрі мына жерде, басымда, — деп ол маңдайын түрткіледі.— Сендер жазбасаңдар, өзім жазамын.

— Сіздің басыңыздағы «документтер» ресми мәлімет ақпарлар ғана ғой, — дедім мен, — Кітап жазу үшін қағазға түскен хабарлар және оның сіздің басыңызда қалғаны жеткіліксіз мағлұматтар. Оның үстіне солдаттардың жанын, жүрегін білуіңіз керек. Кітап үшін ең қажетті мәліметтер осы. Мұндай мәліметтеріңіз мол болса, сіз жазасыз, әрине, — дедім сабырлы түрде.

VII

Осы кезде Бауыржанның оң жағындағы орындықта отырған кішкентай қыз талпына ұмтылып, оның қолындағы шанышқысын алды.

— Бұл немере ме, Бауке? — деп сұрадым.

— Қызымның қызы, — деді Бауыржан.

— Жиен ғой, — деді әйелі.

— Қызы не, ұлы не — баланың бәрі-бір, — деді Бауыржан кішкентай қызды басынан сипап. — Аты Анар. Атасын сондай жақсы көреді өзі.

Осы арада өз басым бір рет Бауыржанның жан жомарттығының куәсі болғаны есіме түсті.

...Театрдың ішінде ине шаншар бос жер жоқ. Қаланың қазақ қауымы тайлы-таяғына дейін қалмастан тегіс келгенге ұқсайды. Отыратын орын тимегендер қабырғаны жағалай табандарынан тік тұр. Жұрт демін ішіне тартып, сахна жаққа құлақ салып, сілтідей тынып қалған.

Сахнада ақындар айтысып жатыр. Әсіресе Қызылорда облысынан келген ақын қыз бен Шымкент облысынан шыққан жігіттің айтысына қалың жұрт қатты назар аударып, тырс етпестен тыңдап отыр. Халықтың қыз ақынға ерекше ден қойып, ілтифат білдіргеніне екі түрлі себеп бар еді. Біріншіден, басына үкілі тақия, үстіне қос етек көйлек киіп, қарсы алдындағы ақын жігітпен табан тіреп қазақша айтысып отырған Надежда Лушникова есімді орыс қызы болатын. Екіншіден, ол қазақтың аса бір мұңды әніне салып, мұңды бір оқиғаның жібін тарқатып отырды. Ол өзі осы атырапта жаңада ғана болған жай еді. Шымкент пединститутына оқуға түскен өрімдей жас, өзгеше сұлу қызды осы жердің бір ожар жігіті оқуды тастап маған әйел болмайсың деп жазғырыпты. Осы жайды Надя өлең тілімен баяндап, осындай Қодар жігіт, Бекежан бозбалалар осы заманда тек қана сенің аулында кездесіп отыр. Жігіттеріңді неге жөндеп тәрбиелемейсіңдер деп Надя қарсысындағы Шымкент ақынына қинала кінә таққанда бүкіл зал дүр сілкініп, қол соғып, гулеп кеткен.

Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облысы ақындарының айтысы аяқталғаннан кейін сол арада, сол қалың қауымның алдында жюридің қорытындысы шығарылып, ақындарға жүлде берілді. Біреулер кілем алып, біреулер шапан киді. Төреші Надежда Лушникованың атын атап, оған еркектің «Маяк» деген қол сағатын ұсынды.

Осы кезде залдың алдынғы қатарында отырған әлде кімнің қаһарлы үні саңқ ете түсті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий