Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Ордер алғанда олардың қуанышында шек болған жоқ, — дейді қызметкер. — Әсіресе қарт ана қатты қуанды. Сіздің Бауыржан Момышұлы екеніңізді білгенде және Сіздің «Солдаттың анасы — Россияның анасы» деген сөзіңізді айтқанымда ол жылап жіберді. «Кітаптарын оқығанда Момышұлы дәл сондай азамат шығар деп ойлаушы едім, қателеспеген екенмін» деді.
— Хабарыңызға рақмет, — деп Бауыржан трубканы іліп қояды.
Содан бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Бауыржанға Фурманов көшесінен басқа пәтер берілген екен.
Ел аузындағы әңгімелердің бір нұсқасы осындай болатын. Баукеңнің сол пәтері осы екен ғой деп ойладым ішімнен. Осыған жалғаса Баукеңнің ананы ардақтауы жайындағы екінші бір аңыз-әңгіме және есіме түсті. Бұл оқиғаны маған 1957 жылы Москвада, Қоғамдық ғылымдар академиясында оқыған жігіттердің бірі айтып еді. Сол жылы июннің бас кезінде Москвада татар әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткен. Оны Одақтар үйінің колонна залында Сурков ашқан. Татар әдебиеті мен мәдениетінің қайраткерлері тегіс президиумге жайғасады. Күміс көмей, жез таңдай ділмар Сурков оларды астанаға келуімен құттықтап кіріспе сөз сөйлейді. Сөйтіп ол енді баяндамашыға сөз бере берген кезде залдан:
— Алексей Александрович! — деп саңқ еткен үн естіледі.
Жұрт тосын үнге елең ете қалады. Залдың алдыңғы жағынан иығында погоны бар, офицер формасындағы сұңғақ бойлы, қоңырқай жүзді адам орнынан тұрады. Бүкіл зал офицерге назар аударады.
— Әмина ханум қайда, Алексей Александрович? — дейді офицер жайлап, таза орыс тілінде, — Президиум үстелінің басынан мен ол кісіні көре алмай тұрмын.
Залдағылардың көпшілігі Москваның татарлары болса керек. Офицер Әмина атын атағанда олар гу ете түседі. Басқалар Әминаның кім екенін білмейді, татар мәдениеті өкілдерінің бірі болар деп ойлайды. Оны жоқтап тұрған мына офицер де татар шығар дейді іштерінен. Майталман Сурков офицерге қарап үнсіз бас изейді де, сәл ойланып алып, қайтадан зымырата жөнеледі.
— Әмина ханум бойына біткен кішіпейілдікті сақтап президиум үстелінің басына келмей қалған болар, — дейді ол жан-жағына қарап, президиумның арт жағына да көз жіберіп. — Біздің асыл досымыз, Совет Одағының Батыры Мұса Жалил де өзінің сүйікті жары Әмина ханумды дәл осы кішіпейілділігі үшін де құрметтеген болар. Бірақ Ұлы Отан соғысының қаһарманы, даңқты гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы Батырдың жарын осы жиналыстың президиумынан көруді орынды ескертті, рақмет, Бауыржан. — Ол залдағы ұсыныс айтқан офицер отырған жаққа басын иеді. — Біз бұл ұсынысты шын ықыласпен қостап, Әмина ханумның президиумға келуін өтінеміз.
Сол кезде зал шатырлата қол соғады. Шапалақ даусы қабырғаны жарып кете жаздайды. Мұса Жалилдің жары президиумге барып орналасқанша қол соғу тоқтамайды. Бағанадан бері Әмина ханум дегеннің де, оны президиумге шақырған офицердің де кім екенін білмей ақтарылып отырған жұрт орындарынан тұрып: «Мұса Жалил — Бауыржан Момышұлы!» «Мұса Жалил — Бауыржан Момышұлы!» деп қосыла дауыстап, бір ырғақпен қол соғып тұрып алады.
Біз анадай үлкен жиналыста жарып шығып, оның үстіне суырыла сөйлегенде аузымен құс тістейтін атақты шешен Алексей Сурковты тоқтатып қойып, Баукеңнің солдаттың жарын президиумге шығарған ерлігіне ерекше сүйсініп қайттық, — деген еді маған бұл әңгімені айтқан жігіт. — Баукең туралы жазылғанның бәрінің де шындық екеніне сонда анық көзіміз жетті. Оның өлген солдатты ардақтап, Әминаны той төріне шығаруы бүкіл жұрттық жүрегін тебірентті. Академия мен партия мектебінде оқып жүрген қазақтар үзіліс кезінде жиналып барып Баукеңнің қолын алдық...
Қолымды шайып, кухняға жеткенше мен бұл екі оқиғаны ерекше разылықпен есіме түсіріп өттім.