Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн
-
Название:Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:173
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
В Сан-Франциско отправилась шхуна «Пилигрим», но в пути произошла трагедия после встречи с китом. У руля оказывается Дик Сэнд – пятнадцатилетний моряк. Теперь от него зависят жизни людей, оставшихся во власти урагана. Опаснее природных катаклизмов может быть предатель…Он затаился на корабле, выжидая время, чтобы побольнее нанести удар…
Пятнадцатилетний капитан / Он бес жасар капитан - Жюль Верн читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ойланып тұратын уақыт жоқ: әрекет ететін мезгіл жетті. Капитан Гуль гарпунды ортан белінен ұстап жоғары көтерген күйі, көздеп тұрып, бірнеше рет толғады да, керіле беріп, жолақжонға туралап бар пәрменімен сілтеп кеп жіберді.
— Кейін! Кейін! —деп айқайлады капитан сол сәтте. Матростар ескекті еңкейе сермеп, жаралы хайуанның құйрығына қайықты соқтырмай аулақ әкетуге жанталасты.
Осы сәтте жолақжонның ұзақ уақыт қимылдамай жатуының құпия сырын боцманның айқайы анықтады.
- Баласы бар екен ғой! — деп дауыстады Говик.
Жараланған ана кит жиырыла түсіп, ырши жөнелді. Осы сәтте оның баласын теңізшілер де көріп қалды. Кит баласын емізіп жатқанда, оған гарпун қадалған еді.
Киттің баласы қасында болса, оны аулау өте қауіпті екенін капитан Гуль жақсы білетін-ді. Ана кит өзін ғана қорғай қоймай, «кішкентайын» да қорғауы керек, сондықтан оның ызасы өрши түсетінінде сөз жоқ; кит баласының ұзындығы алты метрден астам келеді, олай болса, кит баласын «кішкентай» деп атауға сияр ма екен!
Әйтсе де, жағдай капитан Гульдің қауіптенгеніндей емес, керісінше болды, жолақжон бірден қайыққа ұмтылмады, ызаланған киттен қашып құтылу үшін, кей кездерде гарпунға байланған арқанды қиып жібереді; бұл арада олай етудің де қажеттігі болмады.
Жолақжон бірден тереңге сүңгіп, сосын атылып үске шықты да, пәрменімен зымырап, жүзе жөнелді. Оның соңынан баласы да ере кетті.
Капитан Гуль мен боцман Говик кит суға сүңгігенше шамалап, лайықты бағасын да мөлшерлеп үлгірген еді. Бұл жолақжон кит ұзындығы жиырма бес метр шамасы келетін орасан ірі хайуан екен. Оның сары-қоңыр терісі қарауытқан теңбілдермен шұбарланған.
Істің басы сәтті болды, ендігі жерде бұл сияқты мол олжадан бас тартып құр алақан қалу, әрине өкінішті болар еді. Аңшылар китке ілесіп кете берді. Ескегі көтерілген қайық толқынды сүйкей атылған оқша зымырады. Жаралы хайуан аласұрып бір олай, бір бұлай бұлтарса да, Говик қайықты киттің ізіне салудан жаңылмады.
Капитан Гуль олжадан көз айырмай:
— Байқа, Говик! Байқа, Говик! — деп үздіксіз айқайлаумен болды.
Бірақ, боцман оның ескертуінсіз-ақ сақтануда еді.
Қайық киттен гөрі бәсең жүзіп келе жатты, ал сым арқанның тарқатылуы соншалықты тез, қайықтың қапталына ысылған сым арқан өзінен өзі тұтанып жанып кете ме деп қауіптенді капитан. Сондықтан ол арқан салынған астауға жалма-жан су толтырды.
Жолақжонның тоқтайын деген немесе жүрісін бәсеңдетейін деген ойы жоқ сияқты. Капитан Гуль екінші арқанды жалғады. Бірақ бұл арқан да көпке жетпей-ақ таусылды. Бес минуттан соң арқанның үшіншісін жалғауға тура келді, о да тезінен суға батып жоқ болды.
Жолақжон судың түбіне батып, бұрынғысынша алға қарай зымырай берді. Шамасы, гарпун оның жанды жерінен қадалмаса керек. Арқанның төмен қарай тұңқиғанына қарағанда, кит су бетіне шығуды ойламайтын тәрізді, керісінше, тереңдеп бара жатыр десе де боларлық еді.
— Пері соқсын!—деп айқайлады капитан Гуль.— Мына оңбаған арқанның бесеуін де жұтатын болды-ау!
— Бізді «Пилигримнен» алыстатып әкетті,— деп үстеді боцман Говик.
— Дегенмен, бұл қарғыс атқан дем алу үшін су бетіне шығуы керек,— деді капитан.— Кит балық емес қой, адамға ауа қандай керек болса, оған да соншалықты қажет.
— Ол шапшаң жүзу үшін демін ішіне тартып барады,— деп күлді матростардың біреуі.
Шынында да, арқанның тарқалу тездігі алғашқы қарқынынан әлі кеміген жоқ-ты. Көп кешікпей үшінші арқанға төртінші шумақ жалғанды.
Киттен түсетін пайдадан өзіне тиетін үлесті ойша есептеп қойған матростар енді торыға бастады.
— Мына қарғыс атқан хайуанды-ай! — деп күбірледі капитан Гуль.— Мұндайды өзім өз болғалы көрген емен.
Ақырында бесінші шумақ арқанды да жалғау керек болды. Бұл арқанның жарымына жуығы тарқатылған кезде, шертіле тартылған арқан бірден босап кетті.
— Ура!—деп айқайлады капитан Гуль.— Арқан іркіліп қалды, демек жолақжон болдырды деген сөз!
Осы кезде қайық «Пилигримнен» бес миль қашықтап кеткен-ді.