Knigionline.co » Казахские книги » Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары

Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт

Книга «Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путешествия Гулливера» опубликовано автором в 1726 году. Несмотря на то, что книга была опубликована через несколько лет после «Робинзона Крузо», она была не менее популярна, чем история Дефо. Направленность произведения - общественно-политическая. Главный герой - Гулливер был пожарным, а после стал капитаном корабля. Автор своим сатирико-философским произведением вдохновляет и детей, и взрослых.

Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт читать онлайн бесплатно полную версию книги

Король музыканы өте жақсы көретін еді. Сол үшін де сарайда жиі-жиі концерттер қойылып тұратын. Кей уақыттарда концертке мені де апарып, жәшігіммен столға қоятын. Бірақ оркестрдің дауысы құлағымды тұндырып, күй ырғағына әрең түсінетінмін.

Жас кезімде аздап шпинет деп аталатын музыкалық аспап ойнауды үйренген болатынмын. Сол шпинетке ұқсаған бір музыка құралы Глюмдалькличтің бөлмесінде тұратын-ды. Музыка мұғалімі аптасына екі рет келіп қызға сабақ беріп жүрді. Ол музыка құралын шпинет деп атайтын себебім, оның кейбір бөлшектері шпинетке ұқсас және шпинетше ойнайтын еді. Сол құралмен ағылшын әуенін ойнап, король мен ханымның көңілін көтерсем деген қиялға келдім. Бірақ ол ойымды жүзеге асыру өте қиынға соқты. Өйткені оның ұзындығы алпыс фут болатын. Құлашымды созып ұрғанымның өзінде бес баспадан арттырып қамти алатын болмадым. Баспаларды басудың орнына, бар күшіммен жұдырықтап ұруым керек, Сөйткеннің өзінде жағымсыз ғана дыбыс шығатын болды.

Музыкадан ойдағыдай нәтиже шығару үшін

мынадай амал таптым. Бір басынан екінші басын жуандау етіп екі таяқ жасап алдым. Шпинет баспаларын бүлдірмеу үшін және дауысқа басқа дауыс қосылмауы үшін, таяқтың жуан басын қаптесер тышқанның терісімен қаптап тастадым. Шпинет алдына баспадан аласалау орындық қойып, сол орындық үстінде әрлі-берлі жүгіріп, манағы екі таяқпен керекті баспаларды ұрып, күйге келтіретін болдым. Осы әдістің арқасында жига (ағылшын теңізшілерінің би күйі) әуенін ойнап, король мен ханымның айызын қандырдым. Бірақ істеп жүрген жұмыстарымның ішіндегі ең ауыры осы, музыка ойнау болды. Шпинет баспаларын тегіс пайдалануға қаншама тырыссам да, он алты баспадан арттырып ойнауға ешқандай мүмкіндік болмады. Кәнігі әртістерше бас пен дискантты қосып ойнай алмадым.

Корольдің аса ақылды адам екенін бұрыннан да білетін едім. Ол мені жәшігіммен әрдайым өзінің жұмыс бөлмесіне алдырып, жазу столының үстіне қойғызатын. Содан соң маған жәшіктегі орындықты алғызатын да, мені орындыққа отырғызып, өзінен қашықтау тұрған комод үстіне, былайша айтқанда, мені өзінің бетіне қарама-қарсы қойып әңгімелесетін еді. Ол осылай етіп менімен жиі кеңесетін.

Ол елдің әліппесінде болғаны жиырма екі әріп бар. Әріп санын көбейтетін сөз заңына қағида енгізуге тыйым салынған. Бірақ олардың тілінде осы жиырма екі әріпке жететін сөздер ете сирек кездеседі. Барлық сөздерінің бәрі де ашық және қарапайым атаулармен сөйленеді.

Корольдік кітапханадағы кітаптардан қалаған кітабымды алып оқуыма рұқсат етілген болатын. Корольдің ағаш шебері баспалдаққа ұқсаған ағаш станок жасап берді. Басқышты Глюдалькличтің бөлмесінің біріне қойдық. Баспалары жылжымалы болатын. Төменгі жағы қабырғадан қашық. Менің оқитын кітабымды әкеліп қабырғаға сүйейді. Станоктың жоғарғы баспасына шығып, бетімді кітапқа бұрып, солдан оңға қарай жылжып, жолдарды бойлап оқи беремін. Жолдың бір шетінен екінші шетіне жеткенімше сегіз қадам, кейде он қадам жүретінмін. Бір-екі жол оқығаннан кейін станоктың екінші баспасына түсіп, бірте-бірте төмендей беретінмін. Бір беттегі жолдарды оқып болған соң қайтадан жоғарғы баспаға, шығып екінші бетті аударып оқуға кірісетінмін. Кітап қағазының қалыңдығы біздің қатырма қағаздан қалыңырақ еді. Ең көлемді кітаптың қағазын екі қолдап аударатынмын.

Ол халықтың тіліндегі сөз буыны ашық, салмақты, әрі жатық естіледі және әрленбеген. Әңгімеге артық сөз қоспауға, сөзді көбейтпеуге тырысады. Мен олардың тарих және әдет-ғұрып жөнінде жазылған бірнеше кітаптарын оқыдым. Соның ішінде бір кішкене ескі шығарма мені өте қызықтырды. Кітапша Глюмдалькличтің гувернанткасынікі болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий