Knigionline.co » Казахские книги » Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары

Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт

Книга «Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путешествия Гулливера» опубликовано автором в 1726 году. Несмотря на то, что книга была опубликована через несколько лет после «Робинзона Крузо», она была не менее популярна, чем история Дефо. Направленность произведения - общественно-политическая. Главный герой - Гулливер был пожарным, а после стал капитаном корабля. Автор своим сатирико-философским произведением вдохновляет и детей, и взрослых.

Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ақырында мені көріп қойды. Маймыл есіктен қолын сұғып, мені ұстауға ыңғайланды. Оған ұстатпаудың шарасын іздеп бұрыштан бұрышқа қаштым. Бұл уақыттағы көрініс мысықтың тышқанменен ойнағаны сияқты болды. Ақырында, шапанымның етегі маймылдың қолына ілігіп тысқа тартып шығарды. Маймыл мені оң қолына алып, кәдімгі бала емізген әйелше бауырына басты. Еуропадағы маймылдардың мысық балаларын осылай етіп ұстағанын өз көзіммен көргенім бар. Қарсылық ете бастап едім, қысыңқырап қойды.

Қарсыласудан ешнәрсе өнбейтінін байқап маймылдың ырқына көне беруді мақұл көрдім. Ол мені өз тұқымдасымның баласы деп ұқса керек, бос тұрған сол қолымен ақырын ғана бетімді сыйпай берді.

Бірақ та маймылдың, бұл әлдилеуін есіктің ашылған сыбдыры бұзып жіберді. Ол мені қолтығына қысқан бойымен үш аяқтап жүгіріп өзі кірген терезеден далаға шығып, су ағатын кернейді өрмелеп қатардағы үйдің шатырына шығып кетті. Мені маймыл әкетіп бара жатқанда, Глюмдалькличтің дауысы естілді. Бишара қыз жынданудың аз-ақ алдында қалды. Бүкіл орда адамдары дүрлігіп жиналып қалды, қызметкерлер басқышқа жүгірісті. Шатырда тұрған маймылмен маған жүздеген адамдардың көздері тігілді. Маймыл бала көтерген әйелдерше мені бір қолымен құшақтап алып, екінші қолымен менің аузыма тамақ тыға бастады. Жемеп едім, түйгіштеп қойды. Маймылдың бұл ісіне жерде тұрған құлдардың шек-сілесі қатты.

Басқыш келтіріліп бірнеше адам шатырға шықты, маймыл өзінің қоршауда қалғанын көріп, үш аяқтап құтыла алмасын сезсе керек, мені шатырда қалдырып, өзі тайып тұрды.

Мен орда адамдарының күн сайынғы көңілді күлкісінің тізгіні болдым. Глюмдальклич мені өте жақсы көретін, бірақ ол ханымның көңілін көтеріп күлдіруге тұрарлық деп тапқан менің қылықтарымның кейбіреулерін ханымға әңгімелеп отыратын еді.

Корольдің ертеңгісін жуынған уақытында барып, аптасында бір, не екі рет жолығып тұру қалыпты әдетім еді. Сондықтан шаштараздың король сақалын қырғанын талай рет көргенім бар. Шаштараздың сақал қырғаны алғашқыда маған біртүрлі сұмдық көрінді. Өйткені оның ұстарасы біздің шалғы орақтан екі есе үлкен еді. Король өз елінің әдет-ғұрпына қарай аптасына екі рет қырынатын. Бір күні шаштараздан корольдің сақалын қырған сабын көбігін сұрап алып, сақалдың жуан-жуан талынан қырық-елуін таңдап алдым. Жұқалау бір жаңқа тауып алып тарақтың арқалығы сияқтандырып жондым да, Глюмдалькличтің жіңішке инесін сұрап, әлгі қалақтың қырынан бірдей етіп бірнеше тесік тестім, Таңдап алған сақал қырындыларын тесікке орнатып, тегістеп кестім де, ұштарын ұштап қойдым. Менің бұл істеген жаңалығым өз шашымды тарауға еркін жарарлық кәдімгі шаш тарақ болып шықты.

Тарақ жасауымның нәтижесінде тағы бір ермек ойлап таптым. Оны жүзеге асыру үшін бірсыпыра уақытым кетті. Мен ханымның қызметшісінен ханым шашын тараған уақытта, оның тарақпен түскен шашын жинап бере көр деп жалындым. Шамалы күннің ішінде керегіме жетерліктей шаш жиналды. Менің ұсақ-түйек керек-жарақтарымды жасау үшін ерекше ағаш шебері белгіленген болатын. Сонымен ақылдаса отырып өзімнің бөлмемдегі орындықтай екі орындық жасаттым. Адам отыратын дөңгелек қорабы мен арқалығын айналдыра жіңішке бізбенен тестірдім. Жиналған шаштың ірі-ірісін тандап алып, қорап пен арқалықтағы тесіктерден өткізіп тоқып едім, ағылшындықтардың кәдімгі тоқыма орындығы болды да қойды. Ол орындықтардың екеуін де ханымға тарту еттім. Ханым ол орындықтарды өзінің туалет бөлмесіне қойып, сирек кездесетін зат ретінде орда адамдарына көрсетіп жүрді. Шынында да, ол орындықтарды көрушілер таң қалатын еді. Ханым, орындықтың біреуін өзің пайдалан, өзің отыр, деді. Бірақ оның бұл талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тарттым. Неге десеңіз, бір уақытта ханымның құрметті басын көркейткен қадірлі шашына отырғанымша өлгенім артық, дедім. Қалған шаштан ұзындығын бес фут етіп шилан тоқыдым. Оның сыртына алтыннан ойып ұлы мәртебелі ханымның аты-жөнінің бас әріптерін орнаттым. Өте әдемі болып шықты. Ханымның рұқсаты бойынша, ол шиланды Глюмдалькличке сыйладым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий