Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:117
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.
Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мөңке мен Дос түрегелді. Кемпірдің құлағына еңкейіп бірдеңе деді. Бірақ қара кемпір түкке түсінбеді. Ол тек тап жаңа осы үйдің төрінде шалжайып жатқан кісілердің әлденеге әлгі екі қарт балықшымен шалғайласа тұрып, Төлеу мен Қалаудың қолын қысып, есікке беттеп бара жатқанын көрді. Енді қайтып үй ішіндегі әнге де, әңгімеге де зауқы шаппады. Иә, тән тозады. Жан да тозады. Тек тозбайтын да азбайтын темір сүйек бір пәле - адамның жады ғой. Күндердің күнінде адамды титықтатып құртып, ішінен кеміріп жеп жататын жалғыз жебір жау болса, ол, тегі, осы жадың болар-ау.
Қара кемпір шаршады. Өз денесін өзі ауырлап тезірек жатқысы келді. Тезірек жатып, тезірек ұйықтаса, көзі ашық, көңілі ояуда берекетін алған бар- бар нәрсенің бәрін ұмытар еді, оған бірақ... мына жастардың әзір тарайтын түрі жоқ. Бәрінен бұрын Айғанша талатын емес. Қараторы беті нұрланып, гүл - гүл жайнап кеткен. Қоңыр көлеңке үйде қап-қара көздің жанарына шоқ түскендей қаттырақ ұшқындап, бір әннен соң бір әнді шырқап отыр. «Е, Алла, біз көрмеген қызықты осы қарағым көргей еді» - деп ойлап, бейуақ кеште балапан басқан ұяда қонақтап қалған әлдебір үлкен ана құстай ұйқы қысқан көздің ағы әлсін-әлі айналып кетіп отыр.
* * *
Келесі күні қара кемпір төсек тартып жатып қалды. Алғашқыда алып - жұлып бара жатқан ештеңе болмас, аяғына мініп кетер деп еді. Бірақ күн санап денесін топырақ басқандай, тұла бойы зіл тарта бастады. Ауру дендеген дене әл - дәрменнен айырылып, көз жанары сөніп кетті. Бетінің бері қарамасын кемпір де, үй іші де білді. Үй іші тегіс ұйқыда жатқанда бұл күнде - күнде таң атқанша кірпік ілмей шығады. Түнімен қайдағы -жайдағылар ойға оралып, өзінің ертеректе дүние салған ата - анасын, кіндік кесіп, кір жуған жерін, басынан кешкен баяғы балдай тәтті жастық шағын, қатар құрбыларын, оң босағада өткізген қызықты қыз дәуренін ойлай-ойлай, ақыр соңында күйеуін есіне алады. Бұрын бұндай жағдайда ылғи дұғасына кіргізетін. Бұл күндері ішінен күбірлеп: «Көп ұзамаспын, қасыңа мен мен де барармын. Күт, күт мені», - деп тынысы ауырлап дегбірсізденіп, демігіп жатыр.
Өмірінің ақырғы күндерінде қара кемпір бір жанның бетін көргісі келмеді. Балалардың қылығы жынына тиеді. Шіркіндерде талпынып, талап қылайын деген ой болсайшы. Кежегесі кейін тартқан тоғышар сорлылар қызыл іңірде жатқанына қарамастан күнде сәске түсте шаққа оянады.
Қонақтар кеткен күннің ертеңіне бұл үй ішін қағып, сілкіп, от басын сыпырып отырыңдар деп еді. Кірген - шыққан кісілердің аяғының астында шаң боп жатқан мына бір іліп алар азғантай дүниесі құрғырды жинап, жүк арасына буып - түйіп тастаңдар деп қанша қақсаса да, не келіндер, не балалар құлақ аспады. Уһ, құрысыншы! Өзіңнен күш кеткесін кімнің сөзін кім тыңдайды?!
Осы бір ит ырғылжыңмен үш күн өтті. Төртінші күні де ас - сусыз ызғыған үйде ешқайсысы тұра қоймады. Еркегі де, әйелі де оқта-текте көзін ашып, басын көтере түседі де, қайта жатады. Сонан олар сәске түсте шаққа тұрды. Ұзақ ұйқыдан беттері іскен. Аш балалар төсектен тұра сала ас сұрап аналарына қыңқылдап жатыр.
Төсектен керіліп - созылып тұрған Төлеу сыртқа шығып еді, іле - шала ышқыр бауын шала-пұла байлап, ішке жүгіріп кірді.
− Түрі жаман!.. Ғаламат! Дауылға ұшырамай, баспана салып алғанымыз қандай абырой болды.
− Қасқа кедейдің күні осы да, отырса да- тәубе, тұрса да- тәубе.
− Әже - ай, мені тақымдай бердің - ау. Баяғыңды аңсай бермей, барға қанағат қып тыныш отырмайсың ба?
− Мына шіркін не дейді? Баяғысы не, мен кешегі күніме зар боп отырған жоқпын ба?
− Ол күн де жоқ... ақсамай - ақ қой.
− Мейлің, мен жасарымды жасадым. Жалғанның жақсылығына да, жамандығына да тойдым. Ендігі қалған өміріме рахат тілеп отырғам жоқ, иман тілеп отырмын. Кәрі саулықтың жасындай өмірім қалды ма, жоқ па?.. Бір тұтам тірлікте сендер мен мал үшін жаманатты болатын жайым жоқ. Тиіспей, тыныш отыр әрмен... Мал сенің өзіңе... кесер келеке керек. Қала берді ана үпірлі-шүпірлі сары қарын балаларыңа керек.