Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов
-
Название:Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:265
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».
Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Енді біразда ауыр қайық үлкен қала жақтағы Қарасуға қарай тақап келіп еді. Қазір аралды айналып, сол Қарасуға шыға бергенде, кішкене өзеннің арғы жағасындағы үлкен Семей кең ашылып, мол көріне берді. Бер жақ пен үлкен қала арасын бөлген, көзден тасалап тұрған қалың биік тоғайлы Полковник аралы енді арқада қала берді. "Қарасу" бөлек өзен емес, Ертістің сол аралды айналып аққан бір тарауы да, Семейдің үлкен қаласы осы Қарасудың жағасында. Қазір қаланың Қарасуға құлай түскен бірнеше кең, түзу көшелері алыстан аңғарылады. Дәл өзен жағасына қарай ыра төмен салынған үлкенді-кішілі көп үйлер көзге түседі. Солар арасында, әсіресе қайықтың қарсы алдында аппақ, көп қабатты бу диірмені көрінеді. Оның қызыл кірпіш мұржасы бар. Атыраптан бойы асып, қара қошқыл түтінін будақтатып тұр... Атақты татар байы Мусиннің бу диірмені, қазақтар атандырған "қызыл барабайы"1 осы.
Содан арырақ биікше алаңда окружный соттың екі қабат, ақ тасболат үйі көлденеңдейді. Бұған жалғасырақ өзенді құлдай салынған Плещеев шеркеуі және бірнеше аққа боялған екі қабат тас үйлер, көк шатырлы асты-үстілі ағаш үйлер бойлап көрінеді. Кеңселі, машиналы, биік алтын кресті, қоңыраулы орыс қаласы айқын ерекшеліктермен байқалады. Әсіресе қырдан, сахара үнсіздігінен қалаға келген қазаққа жаңағы қызыл барабайдың "қышқырғаны" қандай! Жақын шіркеулердің көп қоңырауын қаңғырлата, шалдырлата, гүмбірлете, салдырата соққандары да өзгеше өмір дабылын, тірлік тынысын танытады. Сол жайды бүгін ерекше аңғара отырып, қайықтағы Абай Қарасудың жиегіне жетіп қалғандарын байқады. Алда біраз жерде жаңағы қайықтан түскен жаяулар тұр екен. Беттерін қара шапандарымен қымтай түсіп, бір жақ қана көздерін сығырайта қараған татар әйелдері де жетті. Қазағы, ноғайы бар, әр жасты, әр үлгілі киім киген қала адамдары енді қайыққа беттеді. Осылай тақай бере Сейіл өзге сөздерін үзе қойды. Абайға оңашада айтып қалайын деген бір соңғы сөзін еңкейе тұрып баян етті.
1П а ро в а я м е л ь н и ц а – бу диірмені.
– Өзіңіз де естіп, сезіп жүрген боларсыз. Менің де көңілім Сармоллаға көбірек иланады. Хазірет, ишанға қошемет айтайын деп тұрғам жоқ. Бір кезде Сармолла жауларымен қатты бір айтысқан шағында, "менің айтқанымды халық айтады" депті. "Әсіресе, қазақ халқының Абайдай қамқор адамы айтады" депті.
Сейіл Абайға осылай бір сыр ашты.
Абай мынау момын еңбек адамының аузынан жаңағы жайды есіткенде, бұрынғыдан да қатты тіксініп қалды.
– Қалай дейсің? Бұлай деп неліктен айтты екен, оны білдің бе? – деді. Сейілге енді бар шынын, бар білгенін айтқызардай боп, ойлы көзін үлкен ашып, қадала қалған.
Сейіл бөгелген жоқ. Ол қайығын жағаға қарай қаққы ағашымен қатты тіреп, жылжыта түсіп, алдыңғы тұрғандар естімесін деп, Абайға қарай бір аттады да:
– Оны да білдім. Естуімше, Сармолла мешітте сөйлеуден бұрын өзіңізбен кездесіп, сізден ақыл алып кетіпті, дейді ғой! Оның "халыққа жайлы шығып жатқан сөзінің түп-төркіні сізден тарапты" дегенге осы басжатақ пен аяқжатақтың бар қазағы әсіресе ден қойып, оңай иланып жүрген жоқ па! – деді.
Осы кезде қайық жайдақ жағадағы ұсақ тасқа шыға бере қайраңдап қалған еді. Құрғақ жағада тосып тұрған жаңағы адамдар қайыққа ытқып секіріп түсе бастады. Абай отырған корма жақтағы қайық бойы екі жаққа кезек теңселіп, қатты ырғала берді.
Абай ендігі сөздің бөгелуі, тоқталуы лайық екенін аңғарды да, Сейілдің бұған көрсеткен сенімі мен бейіліне, ашық сырына ырзалық білдірді. Қысқа ғана жауап қатып:
– Естімеген, аңдамай жүрген жайым да болар. Жаңағы айтқандарыңа мен түсініп отырмын. Өзіңе ырза болдым, Сейіл! – деп тұра берді. Сейіл де Абайды дұрыс түсінді.
– Бұл айтқаныңыз да жадымда болар! –деді.
Қайықтан шығарда ауыр денесі ауытқи басып бара жатқан Абайды ол қуа жетті де, өзі қолтығынан сүйеп, құрғақ жағаға шығарып салды.
3