Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот ІІ
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:361
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.
Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
Осынау хайуандардың достығын адамдар достығымен шендестіру арқылы автор асыра сілтеп жіберді-ау деген ой тумаса керек, өйткені адамдар жануарлардан көп тағылым алды және талай татымды нәрсені үйренді: мысалға, ләйлектер бізге клизма қолдануды, иттер — құсып тастауды және ризашылық білдіруді, тырналар — сақтықты, құмырсқалар — алдын-ала қам жасауды, пілдер — ұят дегеннің барын, ал жылқы — шын берілгендікті үйретті.
Ақыры Санчо тығындық еменнің түбінде жатып ұйқтап кетті, ал Дон Кихот болса, жай еменнің, бірақ жапырағы қалың жуан еменнің, түбінде отырып көз іліндірді; алайда арада аз уақыт өткенде арқа тұсынан естілген әлденендей дабыр-дұбырдан шошып оянды, сол бойда орнынан атып тұрып бұл неғылған шу екенін білмекке сол тұсқа қадала көз тігіп, зейін сала тың тыңдады; іле екі салт аттыны көзі шалды, бірі атынан секіріп түсіп, жанындағы серігіне былай деді:
— Түсе қал, достым, аттардың ауыздығын ал, меніңше бұл жерде оларға —жейтін шөп, ал маған махаббат жайындағы ой-арманыма берілуге қажет тыныштық пен оңашалық жетіп артылатын секілді.
Бейтаныс адам осыны айтып көк шөпке сұлай кетті; құлаған кезінде сауыт-сайманның сылдыры естіліп қалды, Дон Кихот соған қарап кезбе рыцарьға кез болғанын байқап үлгерді; осындай жағдаятқа байланысты Дон Кихот ұйқтап жатқан Санчоның қасына барып, қолынан тартқылады, сөйтіп ақыры едәуір күш салудың нәтижесінде оятып, құлағына:
— Бауырым, Санчо! Шытырман оқиға! — деп сыбырлады.
— Сәтті оқиға болғай тек, — деді Санчо. — Қанеки, қайда аса құрметті шытырман оқиғамыз, мархабатты мырзам?
— Шытырман оқиға қай жерде деймісің, Санчо? — деп қарсы сауал қойды Дон Кихот. — Бұр басыңды, қара ана жаққа: ана жерде кезбе рыцарь жатыр және, байқауымша, өзі онша көңілді емес секілді, — аттан қалай секіріп түскенін, сөйтіп құдды бір әлденеден тығырыққа тірелгендей жерге құлай кеткенін көрдім, сол кезде сауыт-сайманы да шылдырлады.
— Тақсыр, сонда мұны шытырман оқиға деп табуыңызға не себеп? — деп ынтықты Санчо.
— Мұны шытырман оқиғаның тап өзі деп тұрған ештеңем жоқ, бұл тек оның бастамасы ғана, өйткені шытырман оқиғалар әдетте осылай басталады, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Қане, тоқтай қал: анау лютнясын ба, гитарасын ба күйіне келтіріп, жөткірініп, тамағын қырнап жатыр — шамасы, ән салмақ шығар.
— Олла-біллә, солай, — деді Санчо, — дәу де болса, бұл ғашықтық дертіне шалдыққан рыцарь шығар.
— Ғашықтық дертіне ұрынбаған кезбе рыцарь болмайды, — деп құлақ қағыс етті Дон Кихот, — Жә, тыңдап көрейік оны, әнінің тініне қарап, ой-ниетінің кездемесін тап басып танырмыз, өйткені жүрек қайрамаса, тіл сайрамайды.
Санчо қарсыласқысы келіп мырзасына бірдеңе айтпаққа оқталып еді, бірақ Орман Рыцарының дауысы бөгет жасады; дауысы аса бір сүйкімсіз емес екен, алайда онша жағымды да көрінбеді, сөйтіп зейін қоя тыңдаған Дон Кихот пен Санчо оның мына төмендегі сонетті айтып тұрғанын аңдады:
Сеньора! Дайынмын сіз үшін неге де,
Маған бұйрық берсеңіз болды тек.
Қандай әмір болса да мақұл деп,
Орындаймын бұлжытпай бір демде.
Өмірмен де дереу айтысар ем, –
Үн-түнсіз өшкенімді қаласаңыз.
Азабымды білуге ынтық болсаңыз –
Махаббаттың өзіне айтқызар ем.
Қарама-қайшылықтар тоғысты тылсым –
Балауыздай жұмсақ әрі алмастай қатты, –
Ынтызар жаным тек сізді аңсайды.
Ойып әлде жапырып, еркіңіз білсін,
Таңбалаңыз жаныма бейнеңізді тәтті.
Ештеңе оны қайтып өшіре алмайды.
Осы арада Орман Рыцары ауыр күрсініп алып әнін аяқтады, сосын аз-кем кідірістен кейін аянышты да қайғылы үнмен былай деп сөйлеп кетті: