Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот ІІ
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:361
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.
Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кеш түсті, селодан екі мейман бір мезгілде аттанды, алайда жарты мильдей ұзаған соң жол екі айырылды: бірі Дон Кихоттың селосына, екіншісі дон Альваро бармақшы өңірге қарай бастайтын. Осынау азғантай ғана уақыт аралығында Дон Кихот кесір боп тиген жеңілісі жөнінде, Дульсинеяның жадылануы мен жадысын қайтарудың амал-айласы жайында дон Альвароға тәптіштеп айтып берді, бұл әңгімесімен дон Альвароны таң-тамаша қалдырды, одан соң Дон Кихотпен және Санчомен құшақтасып қоштасқан дон Альваро бір бағытқа, ал Дон Кихот екінші бағытқа ат басын бұрды. Санчоның өз епитимьясын тәмамдауына мүмкіндік беру үшін Дон Кихот бұл түнді ағаш арасында өткізді, ал Санчо онысын бұл жолы да өткен түнде қолданған сол бұрынғы тәсілмен атқарды, яғни шамшат қабығын аямай қаусатты, ал өзінің жон арқасын айрықша мәпелегені сонша, оған дарытқан соққылары тіпті шыбынды да үркіте алмайтын. Алданған Дон Кихот санақтан бірде бір рет жаңылған жоқ, сөйтіп кешегіні қоса есептегенде қамшының жалпы саны үш мың жиырма тоғызға жеткенін айтты. Бұл күні күн тек осынау құрбандыққа көз тігу үшін ғана ертерек көтерілгендей еді, оның сәулесі шашырай бастаған бойда-ақ Дон Кихот пен Санчо дон Альвароның қандай қате пікірде жүргені жайында және одан сот өкілі алдында, тиісті тәртіпті сақтай отырып түсінік алғандары қандай ақылды іс болғаны жөнінде әңгімелесе отырып әрмен асты.
Бұл күнді де, сол сияқты келесі түнді де олар жолда өткізді және бұл уақыт аралығында сипаттап беруге лайық ешқандай оқиға оларға жолыққан жоқ; айта кетуге тұрарлық бір ғана жай: өткен түнде Санчоның өз жаттығуын ойдағыдай орындағаны Дон Кихотты шексіз қуанышқа кенелтіп, таңның атуын тағатсыздана тосумен болған, өйткені жүрегінің әміршісін, жадысынан құлан таза арылған Дульсинеясын, күндіз міндетті түрде жолықтырып қалатындай көрінген; сөйтіп, сапарын жалғап келе жатып, жолда ұшырасқан әйел атаулының бәріне мынау Дульсинея Тобосская емес пе екен деп шұқшия қараумен болды, ал Мерлиннің уәдесін орындамауы мүмкін екені қаперіне кіріп те шықпады. Осындай ой-армандар жетегіндегі ол Санчомен бірге төбеге көтерілді, бұл жерден туған селолары көрініс беріп тұр еді. Сол арада Санчо жерге тізерлей кетті де, былай деп дауыстап жіберді:
— Көзіңді аш, сүйікті туған жерім, өз ұлыңа, Санчо Пансаға назарыңды сал: ол саған онша дәулетті адам боп оралып тұрған жоқ, қамшымен қан-жоса боп осылған қалпында келіп тұр. Құшағыңды жай, өз ұлың Дон Кихотты да қарсы ал: ол біреуден жеңіліс тапты, есесіне, өзін өзі жеңді, қандай адам үшін де бұдан артық айбынды жеңіс болмайды, дегенді маған соның өзі еді ғой айтқан. Мен ақшалы оралдым, себебі олар қатырып жон терімді сыдырды, есесіне қатырып атқа мініп қыдырдым.
— Жә, жетер, сайқымазақтанбай, — деді Дон Кихот, — селомызға аман-сау жетіп алайық әуелі, онда барған соң, қол боста, ой-қиялға ерік беріп, өзіміз ниет қылған бақташылық өмірдің жоспарын жасармыз.
Содан соң олар төбеден түсіп, селоларына қарай бет алды.
LXХІІІ тарау
Дон Кихот селосына енді кіре бергендегі жаман ырымдар жөнінде, сол сияқты осынау теңдесі жоқ хикаяны көркемдеуге және шыншылдығын арттыра түсуге көмектесетін басқа да оқиғалар жайында.
Сид Ахмет айтқандай, екеуі селоға енді кіре берген кезде Дон Кихот астық сақтайтын сарай жанында екі баланың өжектесіп жатқанын байқап қалды, бірі екіншісіне:
— Босқа әуре болма, Перикильо, — енді сен оны өмір бақи көрмейсің! — деп айқайлап жатыр еді.
Дон Кихот Санчоға былай деді:
— Естідің бе, достым, балақайдың не дегенін: “Енді сен оны өмір бақи көрмейсің”, деді ғой.
— Онда тұрған не бар? — деп қарсылық білдірді Санчо. — Бала не демейді!
— Не бар, деймісің? — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Егер бұл сөзді өзіме қарата бейімдейтін болсам, онда Дульсинеяны енді ешқашан көрмейтін боп шығам ғой, соны да түсінбейсің бе?