Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес
-
Название:Дон Кихот ІІ
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:361
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.
Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жеңіліс тапқан, тағдырдан теперіш көрген Дон Кихот бір жағынан аса қайғылы, екінші жағынан айрықша қуанышты болатын. Қайғысы — жеңіліс салдарынан өрбісе, қуанышы — Санчоның Альтисидораны тірілтуде көрсеткен шипагерлік қасиеті жайындағы ойдан туындаған, алайда, расын айтқанда, ғашықтық дертіне шалдыққан қыздың шынымен дүние салғанына өзін-өзі иландыру үшін оған әжептәуір күш жұмсауына тура келген-ді. Санчо да аса бір шат-шадыман көңілде емес-ті: Альтисидораның айтқан сөзінде тұрмағанына, өзіне көйлектерін сыйламағанына ренжулі болатын; осы жайды ол қайта-қайта ойға ала берді, сөйтіп, ақыр соңында мырзасына былай деді:
— Әділіне келсек, сеньор, мен, сірә, жер бітіп, су аққалы ғұмыр кешкен дәрігерлердің ішіндегі ең бақытсызы шығармын: өйткені, науқасты мүрдем кетіретін, бірақ, бәрібір, еңбегіне ақы алатын емшілер де бар ғой, ал олардың бар еңбегі — әлденендей дәрі-дәрмекті белгілеп береді, бірақ бұл оны жасайтын да өздері емес, дәріханашылар, — қысқасы, ақша қалтаға түскен соң емшінің қалған жайға түкіргені бар. Ал мен болсам, басқа біреудің денсаулығы үшін қанымды төктім, шертілдім, шымшылдым, түйрелдім, дүрелендім, нәтижесінде маған боқ та бұйырмады. Құрып кетсін бәрі де, енді бір сырқат қолыма түссе, ең әуелі жақсылап тұрып мұртымды майлауын талап етем, — поп дұғаны ән ғып айтады, онысы оған нан боп қайтады, деймін; саспаңдар, жаратқан ием маған шипагерлік қасиетті көрінген біреумен тегін бөліссін деп берген жоқ.
— Дұрыс айтасың, достым Санчо, — деп келісе кетті Дон Кихот. — Уәде еткен көйлектерін сыйламағаны Альтисидора үшін өте бір сиықсыз іс болды. Шипагерлік қасиет саған gratіs data49, өйткені еш жерде ешқашан сабақ оқыған жоқсың, алайда сен азапқа салындың, ал бұл саған сабақ болды. Егер Дульсинеяның жадысын қайтару мақсатында соғылатын дүре үшін ақы алғың келсе, саған оны жеткілікті етіп төлер едім, солай десем де, бұл сияқты емге ақы төлеудің қажеті бар ма, жоқ па, соған көзім анық жетіп тұрған жоқ, тіпті мұндай сыйлық дәрінің дауасына теріс әсер ете ме деп те қорқам. Әйтсе де, меніңше, тәуекел деп байқап көргеннің зияны жоқ: қанша алғың келетіні жайында ойлан, Санчо, сөйт те еш кідірместен кіріс дүреге, болған соң өзіңе-өзің қолыңда бар ақшамен төле, себебі менің ақшам сенде.
Бұл ұсыныстан Санчоның көзі атыздай боп, аузы аңқиып қалды, сосын өзін-өзі шынымен жақсылап шықпыртуға ойша бекініп алды да, мырзасына былай деді:
— Мақұл, солай-ақ болсын, сеньор, айтқаныңызды орындап, көңіліңізді көтеруге дайынмын, алайда өз пайдамды да ұмытқым келмейді: қатын-балаңа қамқорлық жасау қажеттігінен еріксізден-еріксіз ақшақұмарға айналады екенсің. Ал, сонда әр соққыға қаншадан төлемексіз, тақсыр?
— Егер саған, Санчо, қолданбақшы амалымыздың құдіреті мен қасиетіне сай келетін дәрежеде сыйлық берер болсам, — деп жауап қатты Дон Кихот, — онда маған Венецияның бүкіл қазына байлығы мен Потосидің алтын құмы да аздық етер еді. Сенде қанша ақшам бар, соны мөлшерлеп ал да, бағасын өзің белгіле.
— Ұзын саны үш мың үш жүз соққы берілуге тиіс, — деді Санчо, — оның бесеуін өтеп те қойдым, қалғанына қарызбын, жарайды, бұл бесеу артық-кемнің орнында жүрсін, олай болса, үш мың үш жүз деп есептей берейік; ендеше, әр соққыға бір куартильодан (ал бұдан азға ешуақытта келіспеймін) қойсақ, онда барлығы үш мың үш жүз куартильо болады, үш мың куартильомыз — бір жарым мың жарты реал, яғни жеті жүз елу реал, ал үш жүз куартильомыз — жүз елу жарты реал, яғни жетпіс бес реал болады, сөйтіп жеті жүз елу реалға осы жетпіс бесті қоссақ, сегіз жүз жиырма бес реал боп шығады. Бұл соманы сіздің ақшаңыздан шегеріп қалам да, үйге бай да бақытты, сонымен бірге түте-түтесі шығып дүреленген адам боп оралам, оған енді не шара, балық жегісі келгеннің балағын сулайтыны белгілі жай ғой.