Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мұны түсінбедім, — деді Санчо, — менің білетінім бір ғана нәрсе: ұйықтаған кезімде мен ештеңеден қорықпаймын, ештеңеден үміттенбеймін, қайғырмаймын да, қуанбаймын да. Ұйқыны ойлап тапқанның көсегесі көгерсін: өйткені, бұл — адамның бар пиғыл-ниетін бүркеп тастайтын плащ, аштықтан құтқаратын азық, шөлден құтқаратын сусын, ызғарды қайтаратын от, ыстықты тойтаратын ызғар, — тоқ етерін айтқанда, бұл не қаласаң соны сатып алуға болатын жалпыға ортақ алтын шақа, бұл король мен бақташыны, ашық ауыз бен ақылдыны теңгеретін таразы және оның тастары. Жұрттың айтуынша, ұйқының бір ғана жаман жері: өліммен ұқсастығы бар, себебі ұйқтап жатқан мен өліп жатқанның арасында бәлендей айырма жоқ.

— Бұрын сен ойыңды ешқашан дәл осылай әдемі өрнектеген емессің, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — өзің талай мәрте келтірген “Сынықтан өзгенің бәрі жұғады” деген мақалдың қаншалықты рас екеніне енді ғана көзім жеткендей болды.

— Ә, солай ма еді, алтыннан ардақты мырзам! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Енді мен мақалды судай сапырмайтын болдым, — енді ол сіздің тіліңізден тоқтау жоқ төгілетін болды, мен жолда қалдым, — бар-жоғы тек сіздің мақалыңыз — орынды, ал менікі — орынсыз қолданылады, айырмашылығы осында ғана, ал, шынтуайтына келгенде, ол да, бұл да — мақал емес пе.

Осы әңгіменің үстінде аяқ астынан айнала-маңды түсініксіз дабыр-дұбыр мен әлденендей жағымсыз дыбыс дендеп кетті. Дон Кихот орнынан атып тұрып семсеріне жармасты, Санчо болса, жалмажан есегінің астына еніп, жан-жағын сауыт-сайманмен және ер-тұрманмен қалқалап алды: Дон Кихот қаншалықты қатты қобалжыса, анау соншалықты қатты қорыққан-ды. У-шу күшейе түсіп, үрейі ұшқан екеудің құлағына анығырақ естіле бастады, — шындығына келгенде, үрейі ұшқан екеу емес, біреу ғана еді, өйткені екіншісінің көзсіз батырлығы көпке мәлім ғой. Ал, істің мәнісі мынада болатын: дәл осы кезде бірнеше адам алты жүзден астам шошқаны жәрмеңкеге айдап бара жатқан, Дон Кихот пен Санчоны айран-асыр қалдырып, есеңгіретіп жіберген, міне, тап осы шошқалардың шыңғырған дауысы мен қорсылы еді. Орасан үлкен қорсылдақ үйір Дон Кихот пен Санчоға тап беріп, оның да, мұның да кім екеніне қарамастан, Санчоның қалқасын қиратып, Дон Кихоттың өзін ғана емес, ақыр соңында Росинантты да топырақ қаптырып, рыцарь мен атқосшыны қоғадай жапырып өте шықты. Осынау жексұрын мақұлықтардың тұтқиылдан және жедел тап беруі, сол сияқты олардың қорсылы, екеуінің есін шығарып, ер-тұрманды, сауыт-сайманды, сұр есекті, Росинантты, Санчо мен Дон Кихотты жерге сұлатып салды. Санчо орнынан тұрып, қожайынынан семсерін бере тұруын сұрады: осынау әдепсіз мырзалардың алтауын жарып тастағысы келетінін мәлім етті, ал өзін таптап өткен мақұлықтардың шошқа екендігіне оның қазір еш күмәні қалмаған-ды. Алайда, Дон Кихот оған мынаны айтты:

— Неғыласың бұларды, достым: бұл жәбір — менің күнәм үшін берілген жаза, өйткені жеңіліс тапқан кезбе рыцарьға аспанның тарттырар сазайы нақ осындай болады: оларға шибөрілер шабуыл жасайды, оларды ара талайды, шошқа таптайды.

— Ал, жеңілген кезбе рыцарьға қызмет ететін атқосшыларға аспанның берер жазасына келсек, — деп іліп әкетті Санчо, — бұл, шамасы, оларды шыбын шағатынынан, бит жейтінінен және аштық азапқа салатынынан көрініс табатын шығар. Егер біз, атқосшылар, рыцарьдың туған баласы немесе ет жақын туысы болсақ, онда оның күнәлары үшін бізді төртінші буынға, яғни шөберемізге шейін жазаласа да өкінбес едік, алайда Кихоттар мен Пансалар арасында қандай туыстық бар? Жә, болар, жайланып жатайық та, таң атқанша ұйқы қандырып алайық, қалғанын кейін көре жатармыз.

— Ұйқта, Санчо, — деді Дон Кихот, — сен ұйқы үшін жаралған жансың, ал мен сергектік үшін жаралған адам болғандықтан, таң жарқырап атқанға дейінгі қалған сағаттарда ойыма өріс беріп, оны өткен түнде саған білдірмей жатқа шығарып қойған шағын мадригалым арқылы жеткізбекпін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий