Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Одан әрі священник Зораида мен соттың ағасы арасында болған жайды мейлінше қысқа да нұсқа түрде баяндап берді, соттың оған ықыластана құлақ қойғаны соншалық, сірә, сот талқылауы кезінде де ешкімді мұншалықты мұқият тыңдамаған шығар. Француздардың фелюгада келе жатқан христиандарды тонап алған жеріне келгенде священник танысы мен мавр сұлуы тап болған жоқшылық пен қайыршылық халды жеріне жеткізе суреттеді, ал одан соң олар не қылды: Испанияға барып жетті ме әлде француздар оларды Францияға алып кетті ме, — ол жағынан хабарсызбын, деді.

Капитан әрменіректе священниктің не айтып жатқанын тыңдап тұрған әрі інісінің қасы мен қабағын бағып, қандай жауап қайтарарын күтіп тұрған, ал анау болса священниктің әңгімесі аяқтала келгенін көріп, ауыр күрсінді де, көзіне жас алып, былай деп қатты дауыстап сөйлеп кетті:

— Аһ, сеньор! Маған қандай хабар айтқаныңызды және оның мені қалай қатты толқытып жібергенін білсеңіз етті! Байсалдылығым мен байыптылығыма, өзімді өзім ұстай алатындығыма қарамастан, қатты толқығандықтан көзіме келген жасты ірке алмай қалдым; өзіңіз әңгіме еткен ержүрек капитан менің ағам болады; өзіме де, ана ағама да қарағанда өжеттеу әрі биік армандар жетегінде жүретін адам болғандықтан ол аса құрметті саланы, яғни әкеміз өзімізге айқындап берген жолдардың бірін таңдаған еді, ол жайында өмір тарихы өзіңізге ертегіге ұқсас көрінген жолдасыңыздың айтуынан жақсы білесіз ғой. Мен өзім ғылым жолын қуғам және бұл жолда жаратқан иеміздің жәрдемімен, сондай-ақ табанды ізденісімнің арқасында өзіңізге мәлім дәрежелерге жеттім. Ал, екінші ағамның Перуге барып байып алғаны соншалық, әкеме және маған салып тұрған ақшасы арқылы иеліктен алған үлесін әлденеше есе ғып қайтарып қана қоймай, оған қоса әкемнің өз табиғатына тән жомарттық жасауына, ал маған оқуымды ойдағыдай аяқтап, мына қазіргі қызметіме кірісуіме мүмкіндік туғызды. Әкем өлім аузында, үлкен ұлынан қашан хабар келер екен деп күтіп жатыр, ұлының жүзін бір көрмей көзі жұмылып кетпеуін күндіз-түні құдайдан тілеп жатыр; ал енді ағамның аса сезімтал, елгезек адам бола тұра, өзі жайында бір ауыз хат жолдап, қандай бәле-қырсыққа тап болғаны жөнінде, сондай-ақ қандай жетістіктерге жеткені жайында әкеме неге хабар бермегені мені қатты таңғалдырады: себебі, әкем немесе інілері ол жайында бірдеңе білсе, өтемақы төлеу үшін қамыс шыбыққа ілінген ғажайыпты күтіп екі көзі төрт болмас еді ғой. Қазір енді француздар оны босатып жіберді ме, әлде тонаушылық қылмыстарын жасыру үшін өлтіріп тастады ма деген ойдан дегбірім қалмай отыр. Шат көңілмен бастаған сапарымды қуанышқа бөлене отырып жалғастырмай, қасірет-қайғы кеше жүріп жалғауыма осы ойдың өзі-ақ жетіп жатыр. Беу, абзал ағам-ай! Егер біреу-міреу қазір қайда екеніңді айтса, сені іздеп тауып алған болар ем, тіпті басымды бәске тіксем де, сені азаптан құтқарар ем! Еһ, шіркін, біреу-міреу қартайған әкеме сенің тірі екеніңді, бірақ бербериялық ең терең зынданның қараңғы қапасында жапа шегіп жатқаныңды айтса, онда біздің байлығымыз, әкемнің, ағамның және менің байлығым сені ол жерден суырып алар еді-ау! Беу, сүйкімді де елгезек Зораида! Шіркін, ағама жасаған жақсылығыңның өтемін қайтаратын күн туса! Шіркін, рухыңның жаңару сәтін көзбен көріп, бәрімізді шектен тыс қуанышқа бөлейтін тұрмысқа шығар тойыңа қатысатын болсақ!..

Ағасы жайындағы хабарды естіп қатты толқып-тебіренген аудитор осылай деді, оның күйініш-наласы тыңдап отырған жұрттың көңілін алай-түлей етіп жіберді. Көздеген мақсатына жеткенін, капитанның тілегі орындалғанын көрген священник сол арада жұрттың осы жабырқағаны да жетер деп шешіп, үстел басынан тұрды да, Зораида отырған бөлмеге барып, оны білегінен алды, Лусинда, Доротея және аудитордың қызы үшеуі Зораидаға ілесе шықты. Капитан священник не істер екен деп тосып тұрған, анау оны да қолынан алып, екеуін жетелеген күйі аудитор мен басқа да кавальероларға қарай жақындады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий