Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Одан соң ол Дон Кихоттың ақшасы бар-жоғын сұрап білді; анау қалтасында соқыр тиын да жоқтығын, өйткені кезбе рыцарьлардың бірі болмаса бірінің қалтасында ақша болды дегенді ешбір рыцарьлық романнан оқып көрмегенін мәлім етті. Бекетші оның қателесетінін айтты; романдарда ол жайында жазылмағанымен, — себебі авторлар ақша немесе таза көйлек сияқты осынау қарапайым да қажетті нәрселер жайында ауызға алуды керек қылмайды, — бұған қарап рыцарьларда бұл екі нәрсенің екеуі де болмаған деудің еш қисыны жоқ; керісінше, ерліктері жайлы қыруар роман құрастырылған осынау кезбе рыцарьлардың барлығының да әмияндары қай қажетін де өтеуге жетерлік ақшадан тырсиып тұратындығы оған бек жақсы белгілі және оған зәредей күмәні жоқ; олар өздерімен бірге таза көйлектер де алып жүрген, сондай-ақ, жарақаттарын емдейтін май салынған құйттай құтылары да болған: өйткені, өздері шайқасатын және жарақат алатын маң дала мен шөлейтті жерлердің бәрінен бірдей емші табыла бермейді ғой, тек іштерінде данагөй сиқыршымен дос-жар біреулері болып, ол әлдебір қызды немесе ергежейліні дереу бұлтқа отырғыза қойып, ерекше емдік қасиеті бар су құйылған, ол судың бірер тамшысын ішкен бойда рыцарьдың барлық жарасы мен жарақаты қас қағымда жазылып сала беретін шағын сауытты әуемен жеткізіп бермесе; ал енді бұл сияқты көмекке иегі қышымайтын бұрынғының рыцарьлары атқосшыларының қоржынында ақша да, таңғыш пен емдік май сияқты басқа қажетті нәрселер де молынан болуына алдын-ала қам жасағанды жөн көрген; егер рыцарьлардың әлдебір себептен атқосшысы жоқ болса, — бұл енді сирек, тіпті ілуде бір кездесетін жағдай, — онда мұның бәрін кішкене дорбаларға салып, оларын ат сауырына байлап, құдды бір асыл мүліктей мүмкін болғанша көз таса жерге жасырып, өздері алып жүретін болған; бірақ, ақиқатын айтқанда, өзімен бірге дорба тасып жүру дәстүрі кезбе рыцарьлар арасына онша кең тарай қоймаған. Сөзінің соңында бекетші Дон Кихотқа ендігі әрі қаражатсыз және әлгіндей дәрі-дәрмексіз, — өйткені, бұлардың бір күні болмаса бір күні пайдасы тиеріне әлі-ақ көзі жетеді, — жолға шықпауға кеңес берді — ал, шындығында, оның бұған бұйрық беруіне де болатын еді, өйткені бұл таяу болашақта оның кіндік баласына айналғалы тұрған.

Дон Кихот бекетшінің айтқан кеңестерін бұлжытпай орындауға уәде беріп, мал қамайтын кең аулада қару-жарақты күзетумен өткізетін түніне әзірлік жасау қамына кірісті; сауыт-сайманын жинап, құдық жанындағы мал суаратын астаудың үстіне апарып жайып қойды да, найзасы мен қалқанын қолына ұстап мейлінше паң кейіппен әрлі-берлі теңселіп жүре бастады; ол осындай серуенге кіріскен сәтінде қараңғылық қоюланып та кеткен-ді.

Бекетінде қонып жатқан меймандарына қожайын Дон Кихоттың есі кемдігі, бұл түнді қару-жарақты күзетумен өткізуге ниет қылғаны және оны рыцарьлар қатарына қабылдауға қатысты алдағы ырың-жырың жайында баяндап берді. Жиналғандар ақыл-ойдан адасушылықтың мұндай да түрі болатынына таңырқасып, Дон Кихотқа алыстан көз жібермекке аулаға шықты, ал Дон Кихот болса бұл кезде біресе кекірейген кейіпте әрлі-берліс қадам басып, біресе найзасына сүйенген күйі сауыт-сайманына сүзіле қарап тұра қалатын да, одан ұзақ уақыт бойы көз аудармайтын. Оқиға түннің бір уағында өтіп жатқан-ды, бірақ шарасы толық ай өзінің сүттей аппақ сәуле шашуына шарапатын тигізіп жатқан күндізгі шырақтың өтеміне әбден жарап тұрған, сондықтан жаңада пайда болған рыцарьдың барлық қимыл-әрекеті көрермендердің көз алдында еді. Бекетте қонып жатқан мал айдаушының бірі осы екі арада қашырларын суаруға құлшына қалды, ол үшін рыцарымыздың сауыт-сайманын астаудан алып тастау қажет еді; малшыны көрген бойда Дон Кихот қатты дауыстап үн қатты:

— Бұрынды-соңды беліне семсер байлаған күллі кезбе рыцарьдың ішіндегі ең айбындысының қару-жарағына жанасуға батылы барған, оу, қиямпұрыс рыцарь, сен, мейлі, кім болсаң ол бол! Өзіңнің не істеп жатқаның жайында ойлан, оған жақындаушы болма, әйтпесе шамадан тыс әдепсіздігің үшін жаныңмен қош айтысасың!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий