Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Міне осындай. Полковниктің көк дәптеріндегі әскери жазбалар Момышұлының мынадай сөздерімен аяқталады:
— Жерге теріңді төксең, жеміске кенелесің; халық үшін қаныңды төксең абыройға бөленесің!
Баукеңнің «Бұл менің қоғамдық әскери ойға қосқан өз үлесім» деген сөзінен барып ойға түскен бұл қиындыны маған ақын Есет Әукебаев берген еді. Ол кезде мотоатқыштар полкінің комсоргы болған Е. Әукебаев осы қиындыны отыз жылдан аса уақыт жоғалтпастан сақтап келген.
— Туған әкенің хатын да бұлай сақтамас болар, —дедім мен ақынға.
Ақын жымиып күлді.
— Бұл Баукеңе деген сүйіспеншіліктен шығар, — деді ол. — Баукең Панфилов — менің әскери әкем десе, Баукең бәріміздің мақтанышымыз болды. Солдаттардан бастап, барлық офицерлер осылай есептеді.
— Сіз өзіңіздің «Батальон» деген өлеңіңізді осы мақаланы оқығаннан кейін жаздыңыз ба?
— Жоқ. «Полковник Бауыржан Момышұлының әскери жазбалары» менің Баукең жайындағы бірінші оқыған мақалам еді. Оны өлеңдей жаттап алдым. Офицер қандай болуы керек, солдат қандай болуы керек екенін бағыныштыларыма да, басқаларға да үнемі мақтанышпен айтып жүрдім. Менің бақытыма қарай бұдан кейін менің қолыма Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының алғашқы басылымының бір данасы түсті. Бас алмастан оқыдым. «Батальон» өлеңін содан кейін бастадым. Алғашында он бір буынмен жаздым. Одан кейін сегіз буын етіп қайта өңдедім. Маған жау қоршауын қайта-қайта бұзып шыққан темір батальонның тегеурінін көрсететін өзгеше түр, ырғақ, екпін керек болды. Таба алмадым. Содан кейін оны жылы бүркеп, қағаздарымның арасына салып қойдым. 1956 жылы әскерден босап, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке орналастым. Сол жылдың күзінде Москваны неміс фашистерінен қорғаудың он бес жылдығы болды да, редакция мені Бауыржан Момышұлына Москва шайқасы туралы интервью әкелуге жұмсады. Баукеңмен сонда бірінші рет жүздесіп, тілдестім. Ол кездесуден алған әсерімнің күштілігі сонша, Баукең туралы он жылдан аса бұрын бастаған өлеңімді қайтадан қолыма алып, жаңадан жазып шықтым. Отан соғысына қатысқан әр солдаттың жүрегінде өз Бауыржаннамасы — ардагер ағаға деген өз лебізі, ықыласы болды емес пе? Менің Бауыржаннамам осы өлең.
Осылай әңгімесін аяқтаған Есет Әукебаев маған ақынға тән шабыт, солдатқа тан сүйіспеншілікпен «Батальон» өлеңін оқып берді. Оның соңғы шумағы мынадай еді:
Ұмытылмас со бір шайқас. Өшпес халық жүрегінен. Ол батырлық жыр таусылмас, Туған елін сүйе білген. Ол туралы әуел баста-ақ Жырлар, жырлар — жазылды том. Қарашы, әне, Баукең бастап, Келе жатыр болаттай сом — Батальон!
***
Бұдан кейін мен Баукеннің басқа да әскери пікірлерін есіме түсіруге тырыстым. Соғыс кезінде жұрт оны командир және көркем әдебиет қаһарманы деп қана таныды. Қазіргі қауым әскери жазушы деп біледі. Сонымен бірге Баукең әскери тарихшы да ғой. Бұған Баукеңнің «Жауынгердің тұлғасы», «Генерал Панфилов», «Олар менің есімде», «Куба әсерлері», «Ел басына күн туса...» кітаптары, әлі толық жинақталмаған толып жатқан ғылыми мақалалары куә. Ал Баукеңнің бас кітабы «Москва үшін шайқасты» алатын болсақ оның өзі әрі көркем шығарма, әрі тарих. Әскери жазушы Бауыржанды әскери тарихшы Бауыржаннан бөліп алу өте қиын. Баукеңнің бойындағы бұл екі қасиет біте қабысып кеткен. Қазақ әскери өнерінің тарихындағы ең алғашқы асыл мұра Момышұлының кітаптарынан басталатыны хақ.
Қалай дегенмен де бұл арада менің ойыма ең алдымен «Куба әсерлері» келді. Мұнда Баукең өзінің әскери ойларын көркем шығарманың қауызына тықпай, тыңдаушыларға ауызекі баяндап берген. Ал тыңдаушылары кім еді десеңізші? Куба армиясының солдаттары, офицерлері және оның генералитеті.