Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт
-
Название:Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:39
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путешествия Гулливера» опубликовано автором в 1726 году. Несмотря на то, что книга была опубликована через несколько лет после «Робинзона Крузо», она была не менее популярна, чем история Дефо. Направленность произведения - общественно-политическая. Главный герой - Гулливер был пожарным, а после стал капитаном корабля. Автор своим сатирико-философским произведением вдохновляет и детей, и взрослых.
Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт читать онлайн бесплатно полную версию книги
Менің момақан, жайдары мінезім патшаны, сарай қауымын, армияны және бүкіл халықты иліктіріп, икемге көндіріп, көп ұзамай бостандық алатындығыма көзімді жеткізді. Халықтың өзіме ауған көңіл ауанын айнытпау ниетімен әл-шамам келгенше әр алуан әдіс-айланы қолданып бақтым. Көп ұзамай-ақ сескенуді қойып, олардың маған еті үйреніп кетті. Өзім жерге жатып бес-алты ергежейліні алақаныма отырғызып би билеткен күндерім де болды. Келе-келе тіпті, балалар да шашымның арасына кіріп, жасырынбақ ойнайтын болды. Өзім де олардың тілінде әжептәуір сөйлеп, әрі қиналмай түсінетіндей дәрежеде жаттығып алдым. Бір күні патша акробаттар ойынын көрсетіп, менің көңілімді көтерейін деген ойға келіпті. Ергежейлілер өте ыңғайлы әрі епті болады, сондықтан акробат ойынын мен көрген халықтардың ешқайсысы олардан асыра алмайды. Олардың басқа ойындарынан гөрі, әсіресе, жерден жоғарыға керілген жіңішке ақ жіптің үстінде билеулері мені қатты қайран қалдырды.
Арқан үстінде ойын көрсету ісін тек беделді-беделді қызмет бабын көздеген, немесе сарайдан мархабат күткен адамдар ғана орындайды. Бұған адамның ата-тегі ақсүйек нәсілінен шығуы, немесе көргенді тәрбие алуы шарт емес, акробат ісіне тек бала жасынан жақсы жаттықса болғаны. Қызмет істеп жүрген адамның қаза табуынан немесе патшаның қаһарына ұшырауынан қызмет орны босай қалса (мұндай жағдайлар жиі кездеседі), бес үміткер патша мен сарай қауымының алдында
арқанмен билеп, ойын көрсетуге рұқсат сұрап, патшаға өтініш береді. Сөйтіп, жығылмай ең жоғары секірген адам бос тұрған қызмет орнына ие болады. Ол ол ма, тіпті көрнекті министрлердің өзі де өнерлерінен қол үзіп, қараймағандығын патша алдында дәлелдеу үшін жиі-жиі рұқсат сұрап отырады. Мемлекеттік қазынашы Флимнап өзінің секіргіштігімен ерекше аты шыққан адам екен. Ол шерттіре керіп тасталған арқан үстінде билеуде бүкіл патшалықтағы шенеуніктерден бір дюйм асып түсіпті. Оның голланд кендіріндей нәзік жіпке бекітілген кішкене тақтаның үстінде тұрып аса қауіпті қимылдарды қатарынан әлденеше рет қайталағанын көргенім бар. Құпия істердің бас хатшысы, менің Рель-дресель досым, егер де іш тартып ықыласым ауғандықтан жаза баспасам, мемлекеттік қазынашыдан соңғы екінші орынға ие болуға тиіс. Ал қалған шенеуніктер мыш өнерде бірінен бірі қара үзіп кете қоймастай, қатарлас еді.
Сонымен бірге, патшаның өзі мен ханымы және бірінші министр ғана бас қосқан ерекше ойын-сауық өткізіліп тұрады. Сауық басталар алдында патша үстел үстіне ұзындығы алты дюймнен, көк, қызыл және жасыл түсті үш жіңішке жібек жіп қояды. Ол жіптер ұлы мәртебелі тақсырдың үздік шапқындарға сыйлық ретінде беретін ерекше белгісі екен. Салтанатты сауық патшаның тағы тұратын
сарайдың кең залында өткізіледі. Жарысқа түсуші талапкерлер өздерінің ептілік өнерлерін көрсеткенде, өткен жолғылардан ада-күде өзгеше және Ескі немесе Жаңа Дүние елдерінде көзім көргендердің бірде-біріне ешбір ұқсамайтын ерекше сынға ұшырайтындарын байқадым. Патша қолына көлденең таяқ ұстап отырады.
Таяқты жоғары немесе төмен ұстауына қарай талапкерлердің біреуі таяқтан секіріп, енді біреулері таяқтың астынан әрлі-берлі еңбектеп өтеді. Кей уақытта таяқтың бір басын патшаның өзі ұстап тұрады да, екінші басын бірінші министр ұстайды. Кейде министрдің өзі жеке ғана ұстайды. Жоғарыда айтылған жаттығуларды өте жақсы орындағандарға, әсіресе секіруден үздік шыққандарға сыйлыққа көк жіп беріледі. Қызыл жіп ептілігіне қарай екінші орын алғанға, жасыл жіп үшінші орын алғанға беріледі. Сыйлыққа алған жіптерін белбеу сияқты екі орап, белдеріне байлап жүреді. Сарайдағы ұлықтардан мұндай белгілері жоқ адамдар некен-саяқ кездеседі