Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов
-
Название:Улпан / Ұлпан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:136
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.
Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги
ҰЛПАН
ПОВЕСТЬ
Есенейдің төрт қос жылқысы «Қаршығалы» шұбарына жақындап келіп, қапталдай төніп қалып еді. Тақырланып қалған жазғы жайлаудан келе жатқан жылқы қарауытқан қалың орманды, өзекті-шілікті өңірге тұяғы тиген соң-ақ ұстарадай өткір тістерін жерге қадай бастады.
Қазақ байлығы жылқысында. Қысқа қарай жылқы малын ықтасыны бар, қара отты шұбарға жақын ұстамасаң — «Байлық — бір жұттық, батыр — бір оқтық» — кейде тақыр-таза жаяу да қаласың. Жаяу қалған адам несімен адам?.. Несімен қазақ?
Есеней қазір қаптап-қапталдап, жер түгін тістелей жылжып келе жатқан байлығының алдында едәуір жерде биіктеу жотаның қырқасында ат үстінде тұр. Көз жетпес жиекке дейін созылып-керіліп жатқан кең алқап шын-ақ мақтағандай екен. Жота-жота қалың ормандар. Өзекті-шілікті, тың жатқан қара отты кең шиыр. Ат шашасынан аз-ақ асатын алғашқы жауған ақша қар жердің шөбін әлі жасыра алмапты. Сондай жерге ертерек келіп ірге тепкеніне байдың, көңілі әбден тояттап тұр.
Есенейдің қасында төрт адам жолдастары бар еді: ең сенімді серігі — жамағайын түрікпен Мүсіреп, Алдай елінен — аңшы Мүсіреп, руы басқа болса да Есенейдің қоныстасы Бекентай батыр және Есенейдің қосалқы атын жетелеп жүретін жас жігіт, түрікпен Мүсірептің туған інісі — Кенжетай.
Түрікпен Мүсіреп аздап сыбызғы тартады. «Боз іңген», «Боз мұнай», «Сүйір батыр», «Алқа кел», «Алғашқым» деген күйлері бар. Одан соңғы құмары бір жақсы ат, қонымды киім, серілеу адам. Қалталарында қалампыр жүреді... Әлі ақ кірмеген сақал-мұртын жарасымды қырқып ұстайды.
Алдай Мүсіреп аңшы адам. Балдаққа сүйеген оң қолында «түлкі перісі» атанған томағалы қара бүркіт, арқасында жалғыз оқ, аяқты шиті мылтық. Азырақ асыға сөйлейтін, азырақ асыра сөйлейтін адам.
Күн кешкіре келе бұлыңғырланып тұр еді, ұзамай қар жапалақтай бастады. Есеней, алыстан көз тігіп келіп тоқтаған жерін мақтап-мақұлдауларын күткендей жолдастарына қарады.
Осы кең қорықты Есенейдің есіне салған аңшы Мүсіреп еді. Сонысын тағы бір ескертіп қалғысы келіп, Есенейге қарай еңсеріле бұрылып:
— Аға сұлтан пірім-ау! Айтпап па едім? Қысқа қарай жылқы баласына бұдан артық жер болмайды. Иесіз жатқан жер! Бір қыс жайладың — болды, аға сұлтанның шұбары атанады да, балаңның баласына дейін кете барады! — деді.
Есеней оның сөзін аяқтатпай екінші Мүсірепке қарады. Осы бір «аға сұлтан», «балаңның баласына» деген сөздер Есенейге шаншудай қадалатынын ақ көңіл аңшы аңдамай-ақ қойды. Аға сұлтан болғысы келіп бола алмай қалған адамға, екі ұлы бір күнде өліп, содан бері жиырма жыл бойында әйелі бала көтермей қойған адамға жаңағы сездер мазақтаумен қорлаумен тең екенін жарамсақ аңшы түсінбесе керек. Атақ құмар, лақап құмардың сөзін қайталай береді.
Өткен қыс аңшылықта кездесіп қалып Есенейге екі түлкі, үш қара қылшық күзен байлап еді, сонысын арқаланып кимелеп сөйлейді. Биыл міне, жер қарадан қасына еріп Есенейдің қасқыр алатын арабы иттерін баптап жүр. Өзі де аң құмар Есеней оның бетін біржола қайтарып тастайтын қатты сөз айтпай келеді. Қолын азғана сермеп тоқтатып тастайды, бар болғаны сол-ақ...
— Жазы-күзі мал тұяғы тимеген шүйгін екені көрініп-ақ тұр. Бірақ, осы күні иесіз жер бар ма, бір иесі бар шығар,— деп түрікпен Мүсіреп аз кідіріп қалып еді, аңшы Мүсіреп тағы киіп кетті:
— Жоқ, жоқ! Иесіз жатқан жер! Бұл өңірде мен білмейтін жер бар ма, тәңірі! Қасқыры мен түлкісінің ен-таңбасына дейін білемін. Құдай біледі деп айтайын, «Қаршығалыда» үш мың қасқыр, бес мың түлкі, он екі мың күзең жеті мың, қоян бар!..
Түрікпен Мүсіреп ағасына қарап қағытып қалды:
— Ақ құр, қара құрларын санамаған екенсіз, Мүсеке!
— Үш мың, қасқыры болса, менің жылқымды бір қыста жеп тауыспас па екен? — деп Есеней де қалжыңдады.
Кенжетай ағасына қарап ну орманның, орта тұсын көзімен нұсқады. Мүсіреп інісінің нұсқаған жағына қарап: