Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кенесары орыс шекарасынан шеткей отырған Керей-Уақ елдерін екі рет шауып әкетті.

— Кенесарыны хан сайлауға риза болса, ақсақал-қарасақал билері тез жетсін! — деп шапқыншы жібереді де, үш күн ішінде хабар болмаса шауып әкетеді. Жылқыға құмар, қыз-келіншекке құмар.

Тобыл, Бағлан, Стап, Капитан қалаларына жақын отырған бес болыс Керей-Уақтың шетірек отыратындарын әлде неше рет шауып кетті. Бұл рулардың Сарыарқаға қарай шетірек отыратындары болғанымен қалың көпшілігі орыс қалаларына шектес отыратыны жан сақтап келіп еді.

Аманқарағай дуанына қарайтын көп рулы елдердің өміріне базар кірген шай, қант, нан, орамал, сабын, сиса, барқыт, жібек, бұлғары кірген. Бұдан жиырма жыл бұрын хандық жойылғаннан кейін жаугершілік саябырлап, бейбіт өмірдің, іргесі бекіне бастаған. Соның бәрін ұмытып, Кенесарыны хан сайлауға бұл елдер көнбей қойды: шабылып жатыр, қыз-келіншектері қорланып жатыр, көнбей жатыр.

Есеней бірдеме білсе, Кенесары «сідік-масы» ақылсыз адам болып шықты. Қазақ хандығы дегеннің шек-шеңбері де жоқ, бұлжымай тұрар заңы да жоқ. Біреуі хан сайланса, хан Шыңғыстың барлық ұрпағы елді ру-руға бөліп алып билеп, ойына келгенін істей беретін. Тоймайтын да, қоймайтын да. Енді сол заманды Кенесары қайта орнатпақшы! Ол заманнан бұл ел біржола безініп болған. Маңдайы тайқылау, төбесі шошақтау көрініп еді, Кенесары ақылды адам болмай шықты.

Қазақ жерінің, батысынан бастап шығысына дейін жетіп, енді оңтүстігіне иек артып қалған орыс қалалары бар. Орал, Орынбор, Тобыл, Түмен Қызылжар Омбы, Ірбіт үлкен шаһарлар. Ол қалалардың ішкі бетін астарлап қазақ-орыс станицалары орнап қалды. Сонда Кенесары хандығын қай жерге орнатпақшы? Бетпақ далаға ма? Оған ерген ел өзінен-өзі «Ақтабан-шұбырынды» болмасқа не амалы болмақ! Бұдан екі-үш жыл бұрын Кенесарыға ерген елдердің қазір қашып жатқандары бар. Мұны да түсінбесе, Кенесары шын ақымақ екен!

Отаршыл патшалықтың, алары да аз емес, орыс қалаларынан сенің аларың да аз емес. Ханның қазанына түсіп кеткеннің сенің аузыңа көбігі де тимейді, сүйегі де тимейді.

Осыны ойлаған елдер тыныштығын шайқап Кенесары дүрбелеңіне ермей қасарысып қалды. Осыны ойлаған Есеней Кенесарыға қарсылықтың туын көтерді. Керей-Уақ деп аталатын бес болыс ел Есенейдің айналасына жинала берді, жинала берді.

Қазақ соғыстарында жаралану көп те, елім аз болады. Садақ оғы көбінесе алыстан атылады да әлсіз тиеді, әлсіз жаралайды. Сойыл-шоқпары бар адам найзаны да оп-оңай қағып қалып ортасынан үзіп жібере алады. Найзасы сынған адам құр қол адаммен бірдей. Қылыш деген қарама-қарсы қасарысып қылыштасу деген қазақ соғыстарының салтына кірмеген. Үш жылға созылған Есеней мен Кенесары қолының соғысында әлі үш жүз адам өлген жоқ. Жараланып, қатардан шығып қалған мүгедектер екі үйдің бірінде бар.

Қазір Кенесары қалың қолын Керей-Уақтың өкпе тұсына, Есіл бойына топтап, Есенейге қарсы үлкен жорыққа әзірленіп жатқаны байқалған. Есеней де бес болыс елдің ер-азаматын қарама-қарсы топтап, жайлау көлдеріне орнады. Содан кейін жинаған қолын әр елдің батырларына, сенімді ақсақалдарына тапсырып, өзі қасына қырық адам ертіп дуан басы аға сұлтан Шыңғысқа тағы бір жолығып қайтуға жүріп кетті.

Аманқарағай дуанының аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов деген төре еді. Ол адам Кенесары қозғалысына қосылған да жоқ, қарсылық та көрсетпей келеді. Шабылып жатқан елі бар, Кенесарыға кетіп жатқан елі бар, аға сұлтан мұның екеуіне де дәрменсіздің енжарлығын көрсетіп ордасында тыныш жата берді. Үш жылға созылған талан-таражға селт еткен емес. Қысқа қарай қырық семіз соғым, жазға қарай қырық сауын бие, жүз бойдақ қой жинатып алады да, соны беріп отырған ел шабындыға ұшырап жатқанда үн шығармайды. Аға сұлтанның екі оқты мінезі басқарып отырған елінің ішіне ірткі салып та болды. Есеней аға сұлтанмен арасын біржола ашып алуға кетіп еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий