Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов
-
Название:Улпан / Ұлпан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:136
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.
Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Шынында Ұлпанның таңданып келе жатқандары да аз емес. Бірінші таңданғаны кәдуілгі қара жол еді... Ортадағы ат жүретін бір тармағы бар, екі шеткі ат жүретін тағы екі тармағы бар, үш тармақ болады екен!. Пәуескенің доңғалақтары шеткі аттар жүретін екі тармақты дәл басып келеді. Әдейі осылай жасаған-ау!.. Орыстар ғой... Көшпелі ауылдың қызы мұндай жолды көрмеген еді,
Ауыздықтарынан ақ көбік бұрқырап, қатар жегілген үш ат пәуескені ұшырып әкетердей ағып келеді. Салт жүргеннен анағүрлым тез! Салт атты жолдастары ере алмай қалды. Жүрістің мұндайы да болады екен-ау!.. Біресе аяңдап, біресе желіп, біресе шауып кету емес, бірқалыпты ұтымды жүріс.
Салт жүргенде бір-ақ аттың басы мен мойнын көріп көңілің көтеріңкі отырса, ,қатар ағып келе жатқан үш аттың дене сұлулығыитің қимыл-қозғалыс әсемдігін түгел көргенде сол көңілің тасып төгілердей болады екен! Әуелі жолды, одан соң үш ат жеккен пәуескені Ұлпан көңіліне бірге түйіп алды. Тоқтай тұр әлі...
Ұлпанның, тағы бір таң қалғаны орыс үйі еді. Есенейді жолдан тосып жүрген Тілеміс бір орыстың үйіне шай қойдырып тамақ әзірлеткен екен. Тап-таза екі бөлме. Сырлы еден күн түсіп тұрған терезелер. Барлық тамақты ауыз бөлмедегі үлкен пешке пісірсе керек. Мосқалдау, сары шашты, көк көзді әйел басында шот-аяғы бар темір көсеуді пешіне сұғып қалады да бір тамақты суырып алады.
Ашқылтым ақ қалаштар не деген дәмді! Ортасына ақ ірімшік салып пісірген дөңгелек нандар одан да артық. Өз ауылының өмірімен салыстыра отырып, қазаққа қарағанда орыстар ақ патшадай тұрады екен деп ойлады Ұлпан.
— Бұл үйдің қанша малы бар екен? —деп сұрады Тілемістен.
— О, тәңірі, түгі де жоқ. Бір ат, бір сиыры, төрт-бес тауығы бар. Аз ғана егін салады.
Ұлпан үйге қызықты. Қазақ-орыс қаласының, барлық үйлері осындай жайлы көрініп кетті. Ұлпанның ойына «орыс үйі» деген тағы бір түйін байланды. Тоқтай тұр әлі...
Дала қызы табиғаттың ең жас перзенті. Көзіне көрінгеннің бәрін көңіліне тоқып келеді. Ол не көріп, не біліп өсті? Кең дала... көк дала... сары дала... сағым. Төрт түлік мал... соғым. Қысы-жазы киіз үй. Ұзақ түндей өзгерісі жоқ өмір. Сары-ала етек сарпылтаңға көндігіп кеткен қазақ әйелі. Ұлпан да осыны көріп есті. Қазір оның көңілінде әлденелер оянып келе жатқандай еді. Тоқтай тұрайық әлі...
Тілеміс Тобыл өзенінің жағасына үш ақ үй, екі қараша үй тіктірген екен. Ұлпан бұған да таңданған жоқ. Үйлерді өз ойымен әр түрлі керегіне қарай бөліп шықты. Есеней отырар үй, шешесімен бірге өзі түсер үй, қонақ үй, ас үйлері...
— Өзің үлкен үйге түс. Апам екеуміз менің отауымда болармыз,— деді Ұлпан үйлерге жақындай бергенде.— Тамақ үлкен үйде, шай отауда болар. Кәне, түс... Түсе ғой, жолбарысым...
Есеней Ұлпанның нені болса да оңай түсіне қаларына риза болып, арбадан түсті де өзін қарсы алуға жиналған б:р топ адамдармен амандасуға тоқтап қалды.
Пәуеске Ұлпан түсетін ақ үйге жақындай бергенде бір қазақ әйелі сол үйдің түндігін ашайын деп жатыр екен.
— Ашпасын. Апам өзі ашады! —деді Ұлпан Тілеміске.
— Әй қатын! Әрі жүр! —деді Тілеміс әйелге. Өз әйелі болу керек, жекіріп айтты. Әйел тез жылысып кетті.
— Апа, түс. Түндікті өзің аш!
Несібелі әуелі күнге қарап, жел қай жақтан екенін абайлап барып түндікті ашты. Қызына еріп үйге кірді де таң қалды. Қара барқытпен оюлаған туырлық, өрнектеп тоқылған ызба баулар, керегені түгел орап алған, есіктен төрге дейін төселген түкті кілемдер... Төрде қатарлап жиналған жүк... Оюлы ақ киізбен қапталған сандықтар. Мойны сорайған жез құман, жез леген... Қалың кек жібек шымылдық... Үй іші жайнап тұр. Ұлпан үй ішіне көңіл аударып қараған да жоқ.
Үйге іле-шала кірген Тілеміске Ұлпан мақтау айтты: Артығы болса өзің білесің, жетпей жатқаны байқалмайды, Тілеміс аға. Атыңды атағаныма өкпелеме, мен Есенейдей бөрінің де атын атаймын.