Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов
-
Название:Улпан / Ұлпан
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:136
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.
Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қаршығалы мен Сибан жерінің арасындағы жайлау көлдері бос қалған. Күзгі көк ақырын-ақырын тебендеп, келер жылдың қамын ойланғандай үнсіз жатыр. Жазғытұрым қамысты көлдерге ұялайтын үйрек-қаз енді айдынды көлдердің бетін жауып кеткен. Балапандарын жаз бойы жүзуге үйретіп еді, енді ұшуға үйретіп жүр. Суға қона қалса, ата-аналары алдында, бала-шағалары көш-көш болып соңында шұбыра жүзіп жүр. Ұша қалса да солай — жер таныған, су таныған үлкендері алдында. Балапандары соңынан үшкірленіп ұшып, қанат қағыстары бірдей, қозғалыс-қимылдарында бытырандылық-даралық жоқ, тұтаса ағып барады. Бірдей құбылады, бірдей көтеріледі, бірдей қонады. Ел көшсе, жайлау жетімсіреп қалады, құс кетсе, көл жетімсірейді. Жайлау қазір бос қалған, құстар да жылы жаққа ұшып кетуге әзірленіп жүр.
— Мынадай көлдерге бір шомылмай кетпейтін едік-ау, Шынар? —деді Ұлпан, көкше құрағы сарғая бастаған бір жалтыр көлдің тұсынан өте бергенде.
— Мен де соны ойлап келе жатырмын. Көкке аунап, көлге шомылмай кетпейтін күндеріміз қандай қызық еді! Далаға да қона салушы едік...
— Осы көлге қонып, таң ата жүріп кетсек қайтеді? Бәрібір елге бүгін жете алмаймыз. Күн де батып барады.
— Сөйтейікші, Ұлпан...— жолаушылар сол көлдің жағасына қонып қалды.
Көз байлана Ұлпан мен Шынар шомылып қайтуға көлге келіп еді, су біраз салқындаған екен. Баяғыдай құлаштарын кере сермеп жүзіп кете алмай, екеуі де суға тітіркеніп түсіп шықты. Бірінің бірі арқасын жуды. Бірін бірі киіндірді, сүртіндірді. Сонда да дүниедегі ең таза суға соңғы рет шомылғандарына көңілденіп қайтты.
Тезек оты лаулап жанып тұр. Етті жей отырып, қымызды іше отырып, көңілді әңгіме шертетін кеш. Өлең айтатын жадырап күлетін кеш. Бірақ, ол қайдан болсын. Еменалы таспиқ тартатын діндар болып алыпты. Көзін жұмып алып, күніне таспиқты неше рет тартқанын санай отырып тартады. Шондығұлда намаз да жоқ, күнәсі де болмаған адам. Шынар ұялшақ.
Ұлпанда дос-жарларына айтпай қалмайтын бір түйіншегі бардай сезіледі. Оның үстіне Ұлпан бірдеме айтып отырмаса, өзгелері үн шығарар емес. Ұлпан мана Қаршығалыдағы жылқыны Шәйгөз жеріне аударғанын естігенде, іші дір ете түскен. Онысын білдірмеген. Бірақ, соның ар жағында бір бәле барын түсініп келе жатыр. Торсан Қаршығалыдағы жылқыны өз еліне қарай аударып алса, әсіресе, жиырма жылдан бері сол қосты бағып, қағып келген Күрлеуіттің жылқышыларын қудырып жіберсе, бұл қайдан жай болсын! Соны астарлап, жанамалап болса да ел құлағына шалындырып қойғысы келеді.
— Тентек қайным-ау,— деді Ұлпан Еменалыға,— өзің біржола молда болып алғанбысың? Таспиығыңды тырсылдатасың да отырасың!
— Қайтейін, Ұлпанжан... күнәкәр адаммын... күнәкәрмін...
— Осы кісі қызық адам болып бара жатыр,— деді Ұлпан, қасындағы адамдарына айнала қарап.— Өзі күнәкәр болғанымен қоймай, мені де күнәкәр етейін деп жүр. Менде алатын еншісі бар, алмай қойды. Осы күнге дейін еншісін бермегенім үшін құдай алдында мен де күнәлі болам ба деп қорқамын.
Ұлпан дәл айтайын дегеніне осыдан кейін оралды:
— Мен бар мал-мүліктің, қақ жартысын Біжікенім мен Торсанның атына жаздырып қағаздатып қойдым. Енді Торсанға бұйыратын болар... Мал-мүліктің қақ жартысы өзімде қалды. Маған малдың керегі не, тентек қайным бүгін алмаса, ертең алар деп қалдырдым,— деп сөз аяғын қалжыңға айналдырғандай бітірді...
Отырғандардың шала естіп, шала түсінгендері болушы еді, енді түгел түсінді. Сибан байлығының қақ жартысы Шәйгөзге аударылып кеткен екен. Ұлпан сонысына өкінетіндей көрінді.
Ұлпан тобы күздік көлге түс ауа, кешке жақын жетіп еді, өз ауылы орнында болмай шықты. Жүгіріп келіп Ұлпанның арбасын қоршап алған балалар үлкен бір қуанышқа сүйінші сұрағандай шуласып:
— Апай, сіздің ауыл кеше көшіп кеткен...
— Апам айтады — қысқы үйлеріне барып кіріп алыпты дейді.