Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:117
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.
Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Еламан жас балаша аузын ашып қапты. Мюлгаузин күректей қолымен қарды көсіп алды да, Еламанның қан сауғалаған мұрны мен бетін уқалап - уқалап жіберді.
− Қайратты жігіт көрінесің. Тек төбелеске шорқақ екенсің. Бұл арада біраз болатын түріміз бар. Қаға берісте төбелестің тәсілін үйретермін. Жоқ, сен күлме! Әне, біздің командиріміз келе жатыр.
− Қайсы?
− Ана алдыңғы қара атты. Ротмистр Рошаль.
− Бізге жақтасқаның үшін... - дей түсті де, Еламан тоқтап қалды. «Жазғырмас па екен?» -деген сөздің орысшасы аузына түспей, мүдіріп тұрғанын байқап, Мюлгаузин «Тәуекел, көрерміз. Сен тек әлгі шегір көз сайтаннан сақ бол», - деп ескертті.
Патша тақтан құлағасын орыс әскері түрік жерін тастап, Трапезунд портына ағылды. Бас еркі өзіне тиген жүмысшы батальоны да күн - түн қатып Трапезундқа жетті. Мұнда келгесін
Еламан Мюлгаузинмен бір-ақ рет кездесті. Ертеңіне Мюлгаузиндерді кемеге отырғызып, елге жөнелтіп жіберді. Айрылысар жерде Мюлгаузин бұған «Шалқарға кел, жұмыс тауып берем, депода бірге істейміз» деп шақырып кеткен-ді.
Еламан сол уәденің ізімен досын іздеп келеді.
* * *
Еламан бірден депоға барды; түйе қорадай ақырайған зәулім депо іші толған паровоз; кісі - қара көп, абыр-сабыр.
Еламан Мюлгаузинді кімнен сұрасам екен деп, алақтап жан - жағына қарап келе жатқан-ды. Ыстық буды бұрқыратып, ентігіп тұрған күйелді - күйелеш паровоз бұның дәл құлағының тұсынан шыңғырып жіберді.
− Ә, қорқыттым ба? Ха-ха-а!
Біреу ту жоғарыдан, паровоздың терезесінен мойнын созып қарқ - қарқ күліп тұр. Еламан есін жиям дегенше ол жерге қарғып түсті. Еламан оны бас салып құшақтай алды:
− Петь - ка!..
− Ладно, нежности потом. Эй, Яша, - деді Мюлгаузин машиниске айқайлап. - Давай, укати свою тележку!
Еламан онан бұнда кім боп істейсің деп сұрағысы кеп еді; бірақ біреу «митинг!» - деп айқайлады. Оны қалғандары қағып алып, «митинг!., митинг!» деп бір-біріне жеткізіп жатты. Онан паровоздар айқайлап, депо іші қапелімде азан - қазан болды да кетті. Кіл қабағын қарс жауып алған түсі суық кісілер жұмысты тастай - тастай сала әлдебір жаққа асығыс-үсігіс жүгіріп барады.
− Бұл не? Тағы да митинг пе? - деді Мюлгаузин қасынан өтіп бара жатқан көзілдірікті қартаң жұмысшыны сәл бөгеп.
− Иә, митинг...
− Бізге митинг емес, мылтық керек.
− Менімше, екеуі де керек.
− Әй, сендерді қойшы. Сөзден басқа бітірерің жоқ.
− Сен... немене, митингіге бармайсың ба?
− Жоқ.
Сүйдеді де, Мюлгаузин Еламанға:
− Жүр, кеттік, - деді.
Сыртқа шыққан бойда Еламанның ұсқынына одырая қарап тұра қалды: үстінде алқам -салқам ескі шинель. Аяғында жұлығынан шұлғауы шыққан сарала балшық етік. Арқасында қозы қарнындай томпайған жолдорба.
− Майданнан келгенде мен дәл сендей едім. Қарындасым көйлегімнің битін қарап тауыса алмағасын, ақырында отқа жағып жіберген-ді.
Еламан бұнда келгесін ауылға тартып кетпей, ә дегеннен депоға барып досын іздеп тапқанына қуанды. Жұртқа өмірін жүргізіп, айтқанын істетіп, төңірегіндегілердің бәрін билеп - төстеп жүретін дәл осындай досы болғанына мақтанды. Осындай кісінің қасында жүргенде бұның да көңілі өсіп, еңсесі көтеріліп, не ойласа соның бәрі оп - оңай орындала қалатындай сезді.
− Сенің қалада танысың бар ма? - деді Мюлгаузин.
− Жоқ.
− Онда біздің үйге жатарсың. Ал, кеттік!
Өмірі орыс үйіне жатып көрмеген Еламан досының ұсынысын іші қаламай, біртүрлі ыңғайсыздық сезіп тұрса да, бірақ қарсы болмады.
− Еліңе қайтасың ба, әлде қаласың ба?
− Сен қандай ақыл бересің?
− Вот чудак. Өз жөніңді өзің білесің де...
«Вот чудак», - деді Еламан ішінен. Жөндеп түсінбесе де, мына сөздің астарында кісі зәбірленгендей әлдебірдеңе бар сияқтанды.
− Қалсам жұмыс табыла ма?
− Табылады.
− Қандай жұмыс?..
− Ояз начальнигі қалай?
− Оны қайтем, өзіме лайық...