Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:117
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.
Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Шіреніп не ғып тұрсың? Балаңды көрмейсің бе?
− Иә, тағы не айтасың?
− Тоқалдан туса да, сенің балаң емес пе еді?
− Ал, сонан?..
− Алы сол, - деп Ақбала тап қазір, тап осы арада айта қоймайтын ашулы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Баланың астын құрғатып, бесікке бөлегесін ғана бойын тіктеді. Әлі де бір орыннан тапжылмай, кекірейіп тұрған мырзаға бұ да енді тайсалмай, ызалы жас дір - дір еткен шаралы көздің қарашығы ұшқындап қарады. Бұны күтпегесін бе, Тәңірберген ә дегенде абыржып қалған еді. Ол және Ақбаланың бетінен оты шыққан тап осы бір қазіргідей өжет те сұлу кезін көрген жоқ-ты; екіталай ерегісте жазықсыздан жазықсыз сыртқа тепсе де, бірақ өз көңілі онан әлі де болса құйттай суый қоймағанын сезіп еді.
Долылық буған Ақбала:
− Мен... мен осы үйдің пендесімін бе? Саған некелі қатынмын ба? Әлде... - деп аз бөгеліп, ақырғы сөзін алқымына таяп тұр.
Тәңірберген шімірікпеді. Миығынан күліп тұр. Ақбала оның осы түрінен шошыды. Сарқылып айтқан жаңағы сөзі де, көзіндегі жасы да оның жүрегін құрттай да жібітпеген.
Сонан шошыған Ақбала енді сәл кідіргенде сүлдері құрып, бала жатқан бесікке асылып жылап жіберетін еді. Тәңірберген:
− Ал... сосын? - деп, отқа итергендей өшіктіре түсті. Ақбала жасын тыйып алды. Өңінде де жаңағы жасқаншақ ажардан із қалмаған. Тәңірбергенге жиіркенішпен қарады.
− Әлде... әлде басым ашық жан болсам, маған ұлықсат бер!
− Ой, айналайын, рұқсат! Бар, жөніңді тап! - Ақбала дәл бұны күтпеген еді. Қапелімде не дерін білмей тұрып қалды. Тәңірберген шығып кетті. Осыдан кейін ол ешқайда шықпай, бәйбішенің үйінде жатып алып, Ақбалаға осы ауылдың қайда бір тентек, сотқар жігіттерін бірінен кейін бірін жұмсап, қырына ала бастады. Ауру баланың тәуір болғанына да қаратпай, қуып шығатын түрі байқалды.
Ақбала қарсыласпады. Ұрысқан да, кінәласқан да жоқ. Жалынып-жалбарынбады. Оның бәрінен ештеңе шықпасын білді де, басына түскен іске белін бекем буып, тас түйін боп бекініп алып еді. Тәңірберген келіп кеткеннен кейін бұл ауыл бұған ас та бермеді. Екі күннен бері нәр татпаған әйел астан бұрын, әсіресе, шөл қатты қинап бара жатқасын сумен қайта-қайта аузын шая берді.
Түнемелікке қарай баланың қызуы қатты көтерілді. Ақбала бұл түнді де өрелі көзімен атырды. Сонан тек таң алдында бесікке асылып қалғып кеткен еді, сол бойда шошып оянды. Бауырындағы баланы әлдекімнен қорғап: «Бермеймін... бермеймін...» - деп айқайлап оянды. Білтесін басып қойған аспалы шамның әлсіз сәулесі дірілдеп, қара көлеңкелеп тұрған абажадай үлкен бөлмеге үрейлене қарады.
Кейін бәйбіше жұмсаған қатындар келіп қолынан баланы алмақ болғанда да, Ақбала қарсыласпай, тек әлденеге абыржып «қазір... қазір... емізіп берейін», - деп кеудесін ашқысы кеп, омырауындағы түймелерді тартқылай бастады. Бәйбіше жіберген әлгі қатындардың ішіндегі мосқал әйел:
− Шырағым - ау, баланы қайтесің, онан да өз басыңның қор болмау жағын ойламайсың ба?! - деген еді.
Бәйбіше ішке жайнаңдап кіріп келді. Кірген бойда бірден Ақбалаға, сосын әлгі қатындарға қарады. Үстіндегі өрттей қызыл атлас көйлек күн сәулесімен құбылып жалт - жұлт етеді.
− Киімдеріңді ал. Алдыңда салулы төсек, салқын үй тұрған жоқ, - деді ол Ақбалаға.
Ақбала есітпеді ме, әлде есіте тұрса да елемеді ме, екі құрсақ көтергеннен кейін де әлі сол баяғы қыз кездегі сымбаты қаз - қалпында қарап тұрған сұлу бойын әсіресе тап мына күндесі алдында қасақана кекірлікпен ақырын қозғап жөнеліп бара жатты. Бәйбіше сыртынан қарап тұрып ернін шығарды.
− Адыра қал... тастанды!
Жас бала кетіп бара жатқан анасына қолын созып, талпынып жылай бастап еді, бәйбіше:
− Ой, көрдемше... - деп баланы жерден көтеріп ала берді де бүйіріне қолын батырып мытып алып еді, бала шар етті. Есікке барып қалған Ақбала жалт қарады. Балаға тағының тырнағы тигендей, жанұшыра жүгіріп келді де, бәйбішенің қолынан жұлып алды.
− Мына сайқал қайтеді, ей?
− Баламнан аулақ!..