Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:141
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.
Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қорабек болыс болғаннан елдің жолы болған жоқ: аштық деген ақикөз ішін тартып ысқырып тұр еді. Аштықтың салдарынан жамиғат арасында әр алуан індет іргеден сығалай бастады. Сол қасіреттің ең бір қаһарлысына баяғы Молдабектің Оразбағы ұшырады, Рысқұл ағасы Сібірге сүргін салысымен-ақ Молдабектің жолы шатты-бұтты болып, шаңырағы шайқалған шағы. Шатысып, туған жеңгесі Ізбайшаға қосылды. Кейін Ізбайша ұшты-күйлі, зым-зия кетті. Молдабек өз масқарасын өзі көтере алмай құсалықтан өлді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен деген заманда, оның өлімі – жыртыссыз, жырғалыссыз, жылаусыз, тым елеусіз өлім болды.
Ал енді Молдабектің Оразбағы Рысқұлдың Тұрарымен түйдей жасты – жиырманың бесеуіне енді шығып еді ғой. Самал түсіп, мұрны сәңкиіп қалды да, құрым киіз төселген құжырадан шыға алмай, қартайған шешенің мойнында масыл болып отырған.
– Қайран, қайнаға болса, таудан аю атып әкеліп, өтін алып берсе, самалың жазылып кетер еді, қайтесің, сорыңа қарай Рысқұл жоқ, – деп шешесі қай-қайдағыны қоздырады. Рысқұлды аңсап айта беретіні – ол болса, Молдабек Ізбайшаны алып адасқан еді деген де дерттің күйік лебін шығарып-шығарып алғандағысы.
Әрі ауру айналдырған, әрі ашыққан Оразбақ үйшігінен шықпай, дүниенің жүзін көрмей, тірі қалуға әрекет те етпей, өлсем өлейін деп, сонау соңғы сапарға бет түзеп, іргеге қарап бүк түсіп жатқан кезі еді.
Сондай сорлы күндердің бірінде шабарман келіп:
– Оразбақ, болыс шақырып жатыр, бол жылдам! – деді. Болыс шақыртқаннан сужүрек болып қалған анасы:
– Оразбақ науқас қой. Неғыласыңдар әурелеп... Баяғы Рысқұл қайнағаның шатағы ма тағы да? – деп без-без етті.
Шабарман шатынай түсті:
– Мен білмеймін. Алып кел деді, алып барам! Оразбақсыз кетпеймін.
– Е, жасаған, жар бола гөр, – деп шешесі байғұс баласының үстіне барын кигізіп, үсті-басын қағып, қағаздай тазалап, Майлыкент болысының ордасына кетіп бара жатқан баласының соңынан көзі талғанша қарап тұрып қалып еді. Кемпір артына бұрылса, топан судан кейін індерінен сүйретіліп шыққан сал суырдай болып, үйлерінің іргесінде Ахат шал, қалтырауық Үсіп, Шыныбек, Дәу Омарлар тұр екен.
– Уа келін, Оразбақты қайда алып кетті? – деп сырылдады Ахат қызылжиек көзін ілмиген саусақтарымен көлегейлеп тұрып.
– Болыс шақырады дейді. Қорқып тұрмын.
– Қорықпа, келін. Тұрар бар ғой.
– Дарияның ар жағында бір сиыр бес тиын дейді. Құрысын, әкелуі иттен қиын дейді. Сол сен сиына беретін Тұрарыңнан мына бізге не пайда? Не жақсылық көрдік? Баяғыда ырғайдай мойныңа салып көтеріп жүруші едің сол Тұрарды. Енді «Ахат тірі ме, өлі ме», – деп те сұрамайды, – деп табалады Дәу Омар.
– Е, жазған Омар, сен сөйтесің, – деп күрсінді Ахат. – Қайдан білейін. Ел билеген оңай емес, сәті түспей жүрген шығар. Тұрар Түркістанды билеп тұр ғой, – деп Ахат үйіне кіріп кетті.
Дәл соның алдында Шымкенттен келген уездік совдептің уәкілі Қорабек болыспен салқын сәлемдесіп болар-болмастан, бірден:
– Мұнда Тұрар Рысқұловтың ең жақын туысы кім? – деп сұрақты төтесінен қойды.
Қорабек ары ойлап, бері ойлап, есіне жөнді ешкімді түсіре алмады. Түсірер де ме еді, Рысқұловтың туыстарын түстеуден гөрі, олардың мына уәкілге неге керек болғанын көбірек ойлап, көңілі алаң, ойы шала шықты. Рысқұл әулеті деген Дауылбай әулеті үшін кісі орнына жүре бермейтін. Сондықтан кім бар, кім жоқ деп мән беріп жатпап еді. Кім жақын екенін ақыры ескі болыс Дауылбай еске әрең-мәрең түсірді.
– Кім бар Рысқұл әулетінде? – деп кергіді Дауылбай шал. – Тозған әулет қой, әйтеуір. Әруақ-Құдайдың қарғысына ұшыраған дей ме, байғұстар. Анау әлгі Тұрар дегені бір жерде нәшәндік дей ме?
– Бір жерде нәшәндік емес, ТүркЦИК төрағасының орынбасары, Мусбюроның төрағасы, Крайком президиумының мүшесі. Бұл аз ба сізге? –деп уездік совдептің уәкілі ескі болысты біраз езгілеп алды. – Онан да ең жақыны кім, тезірек соны айтыңыз!