Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин
-
Название:Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:166
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.
Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді. Бұл Тәтіқара жырау ең алғаш шегініп келе жатқандарында «Күйігіңнің кегі қайтар күн туар» деп жұбатқан жауынгер еді.
— Жігіттер, өлсек біз өлгендерден артықпыз ба? Серіктерімізді тастап кету жөн емес. Баста, Батыр Баян. Мен ердім соңыңнан!
— Анадан ұл боп туған жалғыз сенсің бе, мен де ердім!
— Мен де!
— Тәуекел, тағы бір шабалық!
— Иә, сөйткен жон... Аты құрғыр...
— Менің атым да осы шабуылға жараса игі еді...
— Жә, болды! — деді Батыр Баян. — Аттарың жарайтындарың бері шық. Жарамайтындарың осы арада қалыңдар.
Жұрттың бәрі Батыр Баян тұрған жерге қарай шықты.
— Бәсе, менің қырандарым осылай болса керек-ті!..
— Уа, Батыр Баян, сенің бұл әрекетіңе Абылай сұлтан қалай қарар екен? — деді тағы бағанағы дауыс.
Батыр Баян тағы жауап бермеді. Атын тебініп қап алға түсе берді.
Жасақ қытай қостарына бір шақырымдай жер қалғанша, құрақты, тобылғылы ойпатпен аяңдай жүріп келді де, тізгінді қоя берді. Жер бетін ұран басып кетті.
— Ақжол!
— Абылай!
— Қарақожа!
— Бөрібай!
— Саптыаяқ!
Батыр Баян мен жаңағы қарасұр, жауынгер өзіне қарсы ұмтылған қытай сыпайларын жайпай ұрыса бастаған кезде, аттары болдыруға айналған, ең соңғы жауынгерлері де жетті. Бұл жолы қытай сыпайлары білте мылтықтарымен қазақ жігіттерін көздеп атып, орасан қарсылық көрсетті.
Дүние жүзі әлем-тапырық ұрысқа айналды. Қытайлар да қапы қалмады, қазақтар да аянған жоқ. Кескілескен ет, жосылып аққан қан, ата жауына қарсы өшіге ұмтылған ерлер, алдыңғы екі аяқтарын көкке көтере, найзаға кеудесін тосқан кер төбел, мақпал қара, құлагерлер...
Ұрыс күн көтерілгенше созылды. Екі көзі оттай жанған Батыр Баян жан-жақтарын тұтаса қоршаған қытай қылыштарынан қазақ жігіттерінің екшеліп қалғанын аңғарды. Көптің аты көп, күш тең түспеген еді. Бірақ қызыл қанға батып жер құшып жатқан қытай жауынгерлері де аз емес. «Аяулы қырандарым, өлсе де жастығын ала өлейін деген екен! — деді ол ішінен. — Бұл айқас жауымыздың есінде мәңгі қалар. Қанша өлігі жатыр. Жоқ, біз текке айқаспаған екенбіз. Біздің жерімізге шүршіттер енді аяғын байқап-байқап басар!»
Сол-ақ екен, өн бойын бір алып күш билеп, өзіне қарама-қарсы келіп қалған, есік пен төрдей қара ат мінген қытайдың бір жалпақ бет сыпайын қайқы бел қара алдаспанмен қақ бөліп түсті. Дәл осы сәтте қолтығының астынан ұп-ұзын сүйір ұшты көк найза келіп қадалды. Көк найзаны қытай сыпайы тағы - бір ырғағанда өкпе тұсынан өткендей болды. Батыр Баян ат үстінен сырғып жерге құлай берді...
Батыр Баянның құлап бара жатқанын көрген қара сұр жігіт қолындағы алдаспанын жарқ еткізіп көкке көтерді де, құлаштай сермеп, аяулы ерге найза салған жауының басын допша қағып түсірді. Сөйтті де ат жалын құшып, арпалысып жатқан Батыр Баянды жерге түсірмей көтеріп алып, жау қоршауынан өтпек боп атын тебініп қалды.
Бұлардың соңынан қазақтың сиреп қалған жауынгерлері найза, қылыштарын кезей ұстап алға ұмтылды. Мұндай әрекетті күтпеген қытай сыпайлары өздеріне қадалғалы келе жатқан ажалдың суық ұштарынан сескеніп, жолды аша берді. Батыр Баянның денесін алдына өңгерген қара сұр жігіт жау ортасын жарып өте шықты. Бұны көрген өзге қазақ жігіттері де, алдаспандарын жарқылдата сермеп, жау шебін үзіп, қоршаудан өтіп үлгерді.
...Үлкен Орда ханы Әбілмәмбет пен Орта жүздің сұлтаны Абылай қатарласа отыр. Әбілмәмбет сәл жоғарылау, Абылай сәл төмендеу. Жоңғар мен қытайға қарсы айқастарда сан жеңіске жетіп, Абылай бүкіл қазақ еліне әйгілі болғанменен, хан отырған жерде ол тек сұлтан ғана. Ал жалпы халық ұғымында Әбілмәмбет қанша хан болғанмен Абылайдан абыройы, даңқы төмен. Абылай халықты басқарады. Әбілмәмбет — Орданы.