Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Кәмәш Баукеңе қарап:
— Ойға келеді демекші, көптен сізден жасырып келген бір әңгімем бар еді.
— Жарайды, оны да айтайын, — деді Кәмәш күліп, — 1964 жылдың жазында Семейдің Абай атындағы қазақ театры Алматыға гастрольге келді. Семейліктер менің төркінім ғой. Баукең оларды тегіс қонаққа шақырды. Үйге жиырма шақты артист жиналды.
Қонақтар ішіп-жеді. Ән салды, әзіл тарқатты. Кетуге ыңғайланды. Сол кезде Бауыржан орнынан тұрды.
— Ал енді сендердің бәрлерің сонау Семейден келдіңдер, — деді қонақтарға кезек көз тастап. — Семей — менің қайын жұртым, мына Кәмәштің төркіні. Семей — Кәмәштің ғана емес, қазақтың театр өнерінің төркіні. Ең алғаш сонау Шыңғыс тауының етегінде көтерілген қазақ театрының қара шаңырағын арқалап келіп, алғашқы спектакль «Еңлік-Кебекті» көрсетіп, астананың көрермен қауымын риза еттіңдер. Халық қол шапалақтап, министрлер мақтап, газеттер мадақтап жатыр. Қайырлы болсын!
Біз де разымыз. Разылығымыздың белгісіне... — деп бұл пиджагінің ішкі қалтасына қолын сұқты. Мына шал не қылғалы тұр деп мен оған қадалып қалыппын. Бірақ қалтасынан қолын суырмастан, сөзін әрі қарай жалғады. — Осы отырған біреуің қайнаға, бірнешеуін, балдыз екенсің маған. Тек Кәмәштің ғана төркіні деп емес, өнеріміздің төркіні, театрымыздың төркіні деп, мен әрқайсыңның иығыңа шапан жабамын.
Мен өз көзіме өзім сенбедім. Сенбейтінім кеше ғана Бауыржан баспа берген қаламақы деп, екі буда ақша әкелген. Он сомдықтар будасының шетін бұзып, қонағасыға жұмсағанмын. Жиырма бес сомдықтар будасы тұтас тұрған. Сол бүтін буданы қалтасынан суырып алып, белдеме қағазын жыртты да, карта үлестіргендей етіп, әр қонақтың алдына төрт қағаздан тастай бастады.
— Әрқайсыңа жүз сомнан. Шапан тіктірсеңдер де, костюм алып кисеңдер де ерік өздеріңде, — деп шалым қарап тұр.
Ең соңында қолында бес-алты-ақ қағаз қалды. Оны желпуіш етіп жайды да, маған қарай лақтырып кеп жіберді. Оны жинап алып жатып, ішім удай ашып кетті...
— Ақша өз өңешіңді тығындау үшін ғана жиналмайды. Елін сыйлаған ер жұтамайды. Ара-тұра дүниеден тарықпаған адам дүниенің қадірін білмейді. Понятно тебе? Тат-та, тат-та, тат-тата! — деп Баукең оң жақ иығына қарай басын бұрып әкетті. Мұнысы оның: «Бұл әңгіме бітті» дегені еді.
VIII
Автор. Бауке, анада бір сөз арасында шетелден келген әйел жазушыны қабылдадым деген сияқты едіңіз.
Бауыржан. Осыдан бірер жыл бұрын француздың бір жазушы әйелі Алматыға келді. Ол әйелдің туған ағасы француз армиясының подполковнигі екен. Қарындасының Москва арқылы Алматыға соғатынын естіп, Момышұлына көре кел деп тапсырады. Арнап хат беріп жібереді.
Әйел Алматыға келіп, Жазушылар одағында болады. Одан мені сұрастырады. Одақтағылар Момышұлы науқастанып үйде жатыр, мұнда келе алмайды, жолыға алмассыз дейді. Әйел де бір айтқанынан қайтпайтын жан болса керек. Ағасының аманатын орындау үшін қалайда маған жолығуға тырысады. Мейманханада жатып телефон анықтамалығынан менің әдресімді іздейді. Өзі орысша жақсы біледі екен. Кешке трубканы алады да 2-20-44-ке телефон соғады.
— Айтыңызшы, тілеуіңізді берсін, бұл Момышұлының пәтері ме? — деп сұрайды.
— Иә.
— Ол кісіні телефонға шақыруға бола ма?
— Болады.
Кәмәш келіп, сені бір шет ел акцентімен сөйлейтін орыс әйелі телефонға шақырып тұр деді. Бұл кім болды екен деп ойлап, телефонға бардым. Сөйтсем, сонау Франциядан келген жазушы әйел.
— Мен сізді көрмей Алма-Атадан қайтпаймын деп ағама уәде беріп едім. Сіз науқастанып жатыр деп естідім. Сауығуыңызға шын жүректен тілектеспін. Бірақ бірер минутқа болса да үйіңізге кіріп шығуға рұқсат етуіңізді өтінемін, — дейді жалынып.
— Келіңіз, мадам, — дедім мен. — Бұрын ауырғаным рас еді. Қазір тәуір болдым. Ертең қай уақытта келсеңіз де менің есігім ашық.