Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов
-
Название:Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:233
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.
Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги
— Бәле, рақмет, — деді генерал күлімдеп. — Мені сыйлағандарың жаудан жасқанбаңдар.
— Жасқанбаймыз.
— Жасқануды қойдық қой, жолдас генерал, — десті жауынгерлер жамырай үн қатып.
Генерал жаңағы жауынгерге қайта бұрылды.
— Мынау қолыңыздағының аты не, жолдас жауынгер? — деді генерал алдымен солдаттың қолындағы винтовканы, одан соң затворды алып, орнына салып жатып.
— Винтовка, жолдас генерал.
— Сіздің солай жауап береріңізді біліп едім, — деді генерал мылтықтың тұмсығын жоғары көтере мушканы сығалай көздеп жатып. Содан кейін шаппаны шырт еткізе саусағымен тартып қалды. — Винтовка деген не?
— Қару, жолдас генерал.
— Бұл тек қару ғана емес, сіздің тағдырыңыз, жолдас жауынгер. Сіз мұны күтіп ұстасаңыз, мен сіздің винтовкаңыз таза емес деп тұрғаным жоқ, тілін ұқсаңыз — қай бөлшегі қай жерінде болатынын, қалай көздесеңіз оқты дұшпанның қай жеріне тигізетініңізді бес саусағыңыздай білсеңіз — жауды жеңесіз, мұратыңызға жетесіз. Ал оны білмесеңіз, мынандай тамаша қаруды дұрыстап қолдана алмасаңыз — онда фашист сізді өлтіреді. Тағдыр деген сол. Винтовка солдаттың тағдыр қосқан жары деген нақыл бар. Үйде әйеліңіз бар ма еді?
— Жоқ, жолдас генерал, әлі үйленгенім жоқ.
— Үйленесіз, — деді генерал оған сенімді түрде. — Сізді болашақ жарыңызбен жалғастыратын осы винтовка, балам. Міне, тағдыр деген осы. Енді ұқтыңыз ба? — деп генерал солдаттың винтовкасын қайтарып берді.
— Ұқтым, жолдас генерал! — деп солдат күлім қақты. — Түсінікті.
— Түсінікті болса, мені тойыңызға шақырасыз ба? — деді генерал жауынгерге қайтадан мойын бұрып.
— Шақырамын, жолдас генерал.
— Онда аты-жөніңіз кім, қай жерденсіз?
— Қызыләскер Темірхан Уашев, Жамбыл облысының Қордай ауданынанмын, жолдас генерал.
— Темірхан ба, Тамерлан ба? — деді генерал көзін сығырайта күлімдеп.
— Темірхан, жолдас генерал.
— А, солай ма,— деді генерал ерніндегі күлкісін жиып, сәл иегін көтере түсіп, байсалды үнмен. Генералдың әлде бір әзіл айтқысы кеп, ол ойын үзіп тастаған тәрізденді. — Онда былай уәделесейік, Темірхан. Сіздің Қордай ауданының орталығы Георгиевка мен біздің Фрунзенің арасы бір-ақ аттам жер. Сіз жеңіспен елге қайтып, ата-анаңыз келін түсіргенде, мені тойға шақыратын болдыңыз. Ал мен міндетті түрде келемін! Сонда Сіздің тойыңыз, Чеховтың әңгімесіндегідей, генерал қатысқан той болады. Келістік қой осыған? — деп генерал солдатқа қолын ұсынды.
— Құп, жолдас генерал, — деп, солдат мылтығын шапшаң иығына іле салып, генералдың алақанын қос қолымен алып, ілтипатпен қысты.
— Жолдас Момышұлы, — деді одан соң генерал маған қарай бұрылып, — енді маған танкпен қалай күресетіндеріңізді көрсетіңіз. — Осылай деп генерал ілгері қозғалды. Өзіне құрмет көрсетіп, тартқан сымдай тік тұрған жауынгерлерге басын изеп: — Ал, балаларым, мықты болыңдар! — деді.
Автор. Әңгімеңізге рақмет, Бауке.
Бауыржан. Саған да.
ОНЫНШЫ ДИАЛОГ
І
Автор. Енді 1943 жылдың Сіздің өміріңізге қатысты жағын әңгіме етейік, Бауке.