Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт
-
Название:Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:39
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
«Путешествия Гулливера» опубликовано автором в 1726 году. Несмотря на то, что книга была опубликована через несколько лет после «Робинзона Крузо», она была не менее популярна, чем история Дефо. Направленность произведения - общественно-политическая. Главный герой - Гулливер был пожарным, а после стал капитаном корабля. Автор своим сатирико-философским произведением вдохновляет и детей, и взрослых.
Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт читать онлайн бесплатно полную версию книги
Арпа егісін кесіп өтіп үлкен жолға шықтым. Бірақ менің үлкен жол дегенім жатжерліктердің жалғыз аяқ жолы екен. Біраз жер жүрген соң жан-жағымды барлай алмадым. Өйткені арпа сабағының биіктігі қырық футқа шамалас, егін пісіп, орақ басталып қалған екен. Бір сағат шамасы жол жүріп eгic алаңын қоршаған қорғанға кезіктім, қорғанның биіктігі жүз жиырма фут келеді. Өсіп тұрған ағаштар шамадан тыс өте биік екен. Іргелес жатқан егіс алаңынан өту үшін төрт басқыш жоғары көтеріліп, көлденең жатқан үлкен тастан асуым керек. Қорғанның ар жағына өтуге шамам келмейтін болды. Қорғанның аржағына өтетін қуыс іздеп жүргенімде, манаты біздің баркасты қуған алып адам сияқты бір алып іргелес егістен шығып, қорғанның басқышына келді. Оның бойы мешіт мұнарасындай көрінді. Шамалауымша, он ярд жерді бір-ақ аттайды. Ол алып бір жағынан мені таңырқатса, екінші жағынан зәремді алды. Қашып барып арпа сабағының арасына тығылдым. Бұғып жатып алыптың басқышқа қалай шығып-түскенін, тастан қалай аттағанын бақыладым. Ол оң жақтағы іргелес егіс алаңына қарап айқайлап, әлдекімді шақырғандай болды. Оның дауысы біздің рупор арқылы шыққан даусымыздан әлдеқайда күштірек шықты. Алғашқыда ол дауыстың не екенін ажырата алмай, күн күркіреді ме деп қалдым. Сол сағатта оның қасына өзіндей жеті алып келді. Қолдарында біздің шалғы-орақтан алты есе үлкен егін орақтары бар. Бұлар алдыңғы алыпқа қарағанда жұпыны киінген. Шамасы, бұлар оның қызметкері немесе малайы болса керек, оның бірнеше сөзінен кейін олар мен жатқан арпаға келіп оруға кірісті. Олардан арырақ кетуге тырыстым.
Қиял үстінде отырғанымда орақшылардың біреуі мен жатқан бораздаға таянып қалыпты. Ол бір аттаса болғаны, мені аяғымен таптап кетпек немесе орағымен екі бөліп тастамақ. Төніп тұрған ажалдың ызғарына шыдай алмай, бар даусыммен бақырып жібергенімді өзім де сезбей қалдым. Алып орақты кідіртіп жан-жағына қарай бастады, ақырында, аяғының астында жатқан маған көзі түсті. Өзіміздің бір кішкене аңды көргенде бірден уыстап алмай, тістеп ала ма немесе тырнап ала ма, қайтеді деп қауіптенетініміз сияқты, алып та бір минөт шамасы дағдарып қалды. Англияда жүргенімде сасықкүзенді осылай сескеніп ұстағаным бар-ды. Ақырында, ол басбармағымен және сұқ қолымен арт жағымнан келіп мықынымнан ұстады да, жерден жоғары көтеріп, көзінің алдына жақындатты. Оның мені әбден анықтап көргісі келгенін түсіндім де, ешқандай қарсылық білдірмедім. Ол мені жылжып немесе бұлқынып түсіп кетер деп қауіптенсе керек, қысыңқырап ұстағанда бармағы қабырғамды қаусатып жібере жаздады. Бұл уақытта екі қолымды қусырып жоғары күнге қарап, аянышты үнменен бірнеше ауыз жалынышты сөздер айтуға ғана шамам келді. Кейбір жеркенішті жәндіктерді қолымызға алып көргеннің соңында жерге атып ұрып, аяғымызбен езіп тастайтынымыз сияқты, мені де атып ұра ма деп зәрем қалмады. Бақытыма қарай, менің дауысым мен ымдаған дене қимылым алыпқа ұнап кетсе керек, менің бөліп-бөліп сөйлеген сөздеріме таңырқап қарады. Бірақ сөздің мазмұнына түсінбеді. Бармағының қысуы жаныма батқаны сонша, көзімнен жас ыршыды. Халімнің нашарлағанын білдіруге тырысып басымды қисайтып, бүйірімді көрсетіп ыңырси бердім. Не айтайын дегеніме түсінді білем, мені ептеп қана камзолының етегіне салды да, өзінің қожайынына, манағы егіс даласында бірінші көрген алыпқа апарды.
Фермер жұмыскерінен мен туралы мәліметтер сұрап болған соң, жуандығы таяқтай шөп сынығымен менің шапанымның етегін көтерді. Ол оны туысынан бірге жаралған тері болар деп ойласа керек, маңдайымды жапқан шашымды үрледі. Ол жұмыскерлерінен бір уақытта болмаса бір уақытта маған ұқсас аңсымақтар кезікпеді ме, деп сұрады (бұның бәрін кейінірек білдім). Мені ақырындап қана төрт тағандатып жерге қойды. Жалма-жан түрегеліп әрлі-берлі жүре бастадым, ондағы мақсатым қашпайтындығымды білдіру еді. Олар мені айнала қоршап отырды да, менің жүріс-тұрысымды бақылады. Мен қалпағымды алып фермерге тағзым еттім. Одан соң тізерлеп отырып көкке қарап қолымды жоғары көтеріп, мүмкіндігі болғанынша даусымды қатты шығарып бірнеше сөздер айттым.