Knigionline.co » Казахские книги » Меня зовут Ходжа / Менің атым Қожа

Меня зовут Ходжа / Менің атым Қожа - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев

Книга «Меня зовут Ходжа / Менің атым Қожа» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта повесть о приключениях маленького Ходжи, пережитыми ей в школьном возрасте. Несмотря на то, что он совершал плохие поступки, хочет стать человеком с хорошими качествами. Он уверен, что причиной его неудач, является то, что он рос без отца. Мальчик старается изменить себя. Значимую роль отведена детской любви Ходжи, он влюблен в Жанар, примерную ученицу. Ходжа сочиняет стихи для Жанар, в будущем мечтает стать писателем.

Меня зовут Ходжа / Менің атым Қожа - Бердыбек Сокпакбаев / Бердібек Соқпақбаев читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Дайынмын.

– Алып шық ер-тоқымыңды.

– Ер-тоқымымды көтеріп, есік алдына шықтым. Жа­рау құла дөненнің үстінде шіреніп Сұлтаным отыр. Жетегінде ат түгіл сайтан жоқ.

– Көлігің қайсы маған әкелген?

– Мынау көлік емес пе? – дейді Сұлтан құла дөне­нін сауырға қағып. – Сал ерді.

– Қайда салам?

– Сал мына менің артыма. Құла дөнен аман болса екеуімізді жайлау түгіл Алматыға апарады.

– Сонда, бір атқа екі ер ерттемекпіз бе?

– Оның несіне таңданасың? Тамаша болады.

Бір атқа екі ер ерттеп мінген қазақты мен бұған де­йін көрген жоқ едім. Сұлтанның мына ақылы, шынында да ойға қонымды, қызық көрініп кетті. Салдым ерді оның артына. Тарттым тартпаны. Міңгестім. Осы кезде­ үйден әжем шыға келді.

– Әкем-ау, мыналары несі... – деді әжем қолымен көзін көлегейлей таңдана қарап. – Әй, көгермей кеткір, қу Сұлтан, сен ғой осыны шығарып жүрген.

Атқа жайдақ мінгеннен де бұл тамаша болады екен. Аяғың салақтамайды, әркімнің өз үзеңгісі бар. Әрі құла дөнен майда жүрісті жануар болып шықты.

Соқтырғаннан соқтырып отырып, Сұлтан дүкеннің алдына келіп бір-ақ тоқтады. Аяғын аттың жалынан асы­ра жерге секіріп түсіп, тізгінді маған тастады.

– Мә, ұста мынаны. Ақшаң бар ма?

– Оны қайтесің?

– Қанша сомың бар?

– Бес сомым бар, оны қайтесің?

– Сол ғана ма, мейлі, әкел бері.

Сұлтанға тәуелді боп, артына мінгесіп отырған соң, бермеймін деп қалай айтайын. Төс қалтамның түймесін жайлап ағытып, амалсыздан қол сала бастадым.

– Ей, болсаңшы, сонша неғып күйбеңдеп кеттің? Күйбеңдейтін жөнім болған соң күйбеңдеймін де...

– Тоқтай тұр, таба алмай жатырмын.

– Мүмкін, басқа қалтаңда шығар?

– Жоқ, осы қалтамда болатын.

Мені мұнша күйбеңге салған төс қалтамдағы екі шы­тырлақ қағаз еді. Саусағымның соқырлығынан со­ның қайсысы бес сомдық екенін тани алмай жатырмын­ ғой. Ақыры тәуекел деп, біреуін суырыл алдым. О масқара! Шеті көзіме шалынғанда-ақ жүрегім су етіп, ішім удай ашып кетті. Бұл алып шыққаным бақандай он сомдық еді.

– Өй, мынауың он сом ғой? – деп қуанды Сұлтан, – әй қу. Қара Көже-ай, қулығың қалмайды-ау осы сенің. Мейлі, он сом болса да әкел бері.

– Мен мұны бес сом екен десем, он сом екен ғой, – деп, ұятымды қымтап, мен де білмегенсіп жатырмын.

Сұлтан ақшаны алып дүкенге кіріп кеткенде, қалтама қайта қол салып, екінші шытырлақ қағазды суырып алдым. Бұл бес сомдық. Әлгі мені шатастырып, ұят­қа қалдырып жүрген міне осы қу ғой. Ызасына өзін төрт бөліп, лақтырып жіберсем бе екен деп, кіжініп бір тұрдым да, бірақ онсыз да талай көресіні көріп, умаждалып, иі түсіп біткен бейшара болғандықтан жаным ашыды. Қалтама қайта салып қойдым.

Сұлтан магазиннен галифе шалбарының екі қалтасы тырсиып, ұрты шодырайып шайнаңдап шықты. Не сатып алдың?

– Золдың қамы, – деді Сұлтан аузы сөйлеуге әзер келіп. Онысы «жолдың қамы» дегені. Сұлтан тізгіңді қолына алды да, ерге қайтадан қарғып мінді. «Ал, енді кеттік» деп, мен асығыстық білдірем. Сұлтанның артына жарбиып мінгесіп кетіп бара жатқан мына түрімді Жанар көрмесе екен деймін.

Ауылдан былай шыға беріп, Сұлтан маған қалтасы­нан пряник алып берді. Екеуіміз қытырлатып жеп келе жатырмыз. Құла дөненнің тағасы тастақ жолға шық-шық соғылады.

Бір кезде Сұлтан артына бұрылып:

– Сен шылым шегесің бе? – деп сұрады.

– Жоқ.

Ол ерге қырындап отырған күйі аттың тізгінін те­же­ді де, қалтасынан бір пачка сигарет суырып алды. Аузын ашты да, маған ұсынды:

– Мә, үйрен.

– Өзің тарта бер, – дедім мен.

– Осы күнге дейін шылым шегуді үйренбей неғып жүрсің? – деді Сұлтан мені кіналай сөйлеп.

– Мә, тарт.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент

Отзывы о книге Меня зовут Ходжа / Менің атым Қожа (1 шт.)

Жан
Жан
7 декабря 2023 13:55
Бұл кітап өте керемет,және қызықты!
Оставить комментарий