Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов
-
Название:Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:117
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Трилогия Абдижамила Нурпеисова «Кровь и Пот» - это способ социального и психологического анализа, сплетение в две ткани одного каната. Автор повествует о стране народе, о его судьбе. Произволение в жанровом отношении не схоже ни с одним. Трилогия «Кровь и пот» состоит из романов: «Сумерки», «Свежесть», «Разруха». Название «говорит» о том, что мы мало встречаемся с Солнцем, светящим с потолка. Главный герой произведения постоянно томится, но в сердце его родной край занимает особое место. Любовь автора к своей культуре, природе, считывается в описании истории страны, песни Шалкара.
Кровь и пот. Книга II. Бодрствуйте / Қан мен тер. II кітап. Сергелдең - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги
Еламан жолшыбай Ақбалаға соғып, өткен жолы тығып кеткен бесатарды тақымына басып алды. Ақбаланың тіл тартып ештеңе сұрамағанына ырза болды. Тек оның қала шетіне шығарып салып тұрып дәл қоштасар жерде әлденеге үнсіз сұрақпен ұзақ қараған көзінен ыңғайсызданып атын тебініп:
− Ал, сау бол! - деді де, жүріп кетті. Бұрын да аз сөзді тұйық жігіт кешегі төбелестен кейін өзінің ендігі тірлігінде ешқандай мән - мағына, мақсат қалмағандай дүниеден түңіліп, көңілі суып алған-ды.
Кешегі күні түрік жеріне жалғыз інісін жерлеп көңілі құсаланып, шерлеп қайтса да, Шалқарға келгелі еңсесі көтеріліп қалып еді; темір жолға жұмысқа орналасты; су кешіп, тор сүйреткен еңбектен гөрі осы тірлігі өзіне ұнап жүрген; ендігі арманы - ажарлы болмаса да, ақыл-есі бүтін, иман жүзді бір әйелге үйленіп, баласын қолына алу еді, енді ол ойының да тас- талқаны шықты.
* * *
Алғашқы күні ол Ұлықұмды ең бір жіңішке тұсынан кесіп өтіп, төте жолмен Қаралакөпке тұра салды. Келесі күні ондай жүріске жаман аты жарамағасын, күндізгі ыссыда құдығы бар көлеңкелі жерді сағалап, алдын кештете атқа қонды. Еламан екінші күнгі жүрісте іш есебі бойынша Боташқа жетіп қонбақшы; бұрын Боташ маңында сыңсыған ауыл отыратын-ды; бүгін қалай да жетіп қонғысы кеп түн ортасы ауғанша жүрді. Ай әлдеқашан батқан. Аспанда бұлт бар. Күн батса да күндізгі ыстық басылмай, жел тынып, түнгі ауа қапырық боп тұрған. Маса ызыңдады. Еламан шабан атты қамшылауды қойып, ер үстінде былқ-сылқ, ұйқы қысқан көзін алдына тігіп келе жатқан-ды. Түн ортасы ауа бергенде қалғып кеткен екен, астындағы ат әлденеден үріккендей осқырып тұра қалды. Еламан бойын жиып aп, ат үстінен ұмтылып ілгері жағына көз тікті. «Бұл шамада сай жоқ еді ғой? Әлде... әлде мынау Тобылғылы сайма?»
Дала жым - жырт; түн қатқан жалғыз жолаушының алдын кеселеп суық қарауытқан сай бойынан шегірткелер шырылдап қоя берді; Еламан қараңғыға көзін тігіп тұрғанда кенет кейінгі жақтан тосын дыбыс шығып, тұла бойы түршігіп кетті; көңілге болмаса астындағы ат та жат дыбыстан сескеніп, тақымы астында дір-дір ете қалғандай; сәлдесін әлгі дыбыс қайта шықты; байғыз даусы бұл жолы да о дүниенің дәл өзінен шыққандай бір түрлі булығып естілді.
«Шамасы, сірә, бұл маңда қора, мола болды ғой». Еламан аттан түсті. Көптен көлікке мінбей, сүйегі қатып кеткен бе, кешеден бергі жүрісті ауырлап, қара еті жыртылып қапты.
Еламан аттың ерін алын, тарлау ғып тұсап жіберді; жол бойы шөпке басын созған ат осы арада кенет ындыны ашылып, ауыздығын алғанша шыдамай, сай бойының көгіне ықыласпен ұмтылды; соған қарап Еламан сай бойындағы шөптің негізгі дені мортық екенін топшылады; мортыққа аузы бір тиген жылқы осылай жерден басын алмай қадалатын. Ат ауыздығы сылдырап, ара - арасында пысқырып, жас қозы етіндей елжіреген көкті етектей ернімен үйіріп, морт - морт күйседі.
Қараңғыда Еламан мортықтан басқа тағы қандай шөп барын байқамады; бірақ, сүйтсе де, далада өскен жігіт сай бойында жусанның да барын сезіп, неше түрлі шөп арасынан ашыған көжедей өзгеше бір аңқыған қышқыл иісті таныды; қапелімде тынысы ашылып, кеудесі кеңіп сала берді. Басқа жердің шөбіндей емес, шамасы, сірә, ылғалы мол сай бойының көгі ыстыққа шалдықпай, әзір жан сақтап, өзінің әне бір көктем кездегі балбыраған балауса қалпымен қарап тұр екен. Еламан қара жусанның кісі көзінен жас шығаратын қышқыл иісін көзін жұмып тұрып, құшырлана жұтты.
− Қайран дала!.. Жарықтық, жусан дәрі ғой!
Еламан ат тұсарлығынан келетін мұздай көкке бауырын төсеп, көміліп жата кетті. Салғаннан қатты ұйықтаған жігіт ертеңіне сәскеде оянды. Аты да тыңайып қалыпты. Қалың қау арасынан басын көтерген Еламанға ат бұрылып оқыранды.